Қаймана қазақ халқының әдебиет тарихына көз салсақ, кемел ұрпақ тәрбиелеуде шоқтығы биік шығармалар арасында қазақтың бірнеше ғасырлық тарихын қамтитын "Көшпенділер" тарихи роман-трилогиясы менмұндалап көз тартады. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын әлемдік деңгейде атап өтіп жатқан тұста қазақтың көрнекті жазушысы І.Есенберлиннің "Көшпенділер" тарихи роман-трилогиясы "Бір ел – бір кітап"  республикалық акциясы аясында жыл кітабы болып таңдалғаны үлкен мәртебе екені ақиқат.

Сонымен қатар І.Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойы  ЮНЕСКО көлемінде тойланып,  оқырманды еліміздің тарихына ынтықтыра түсетін роман-трилогияның насихатталуы да көз қуантарлық жәйт. Тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған акция аясында кітапханамызда жыл бойы әр түрлі іс-шаралар өткізілді. Шаралар легі "Жыр-Жауһар" поэзия клубының ұйымдастыруымен өткен "Қазақ өмірінің энциклопедиясы" атты әдеби кешпен  қорытындыланды.

Кеш шымылдығы І.Есенберлиннің өмірі мен шығармашылығы жайлы бейнетаспамен ашылды. Қарағанды Тәттімбет өнер колледжінің кітапханашы мамандығы бойынша білім алып жатқан 1-курс студенттері "Көшпенділер" романын  жан-жақты талдады. Жошы ханның қайғылы қазасы туралы романнан үзінді монолог оқыды. Астанадан арнайы келген күйші М. Анықбеков Кетбұға бабамыздың "Ақсақ құлан" күйін тартып кешті әрлендіре түсті. Кеш қонағы ақын, сазгер Е. Кеңесбеков романның жазылу тарихы мен автордың жеке өміріне тоқталды. "Жыр-Жауһар" поэзия клубының жас таланттары романның адам жанын тебірентер тұстарынан үзінділер келтіріп, өз ойларын айтып, жалынды жырларын оқыды. Облыстық соттың судьясы, зерттеуші, ғалым М. Азбанбаев ағамыз дайындап келген тарихи естеліктерімен бөлісіп, жас ақындарға бағыт-бағдар берді. Жастар сұрақ қойып роман жайлы қызу пікірталас жүрді.

Кеш барысында №76 орта мектептің 11-сынып оқушысы  Ж. Тохтамұратов Қ. Мырзалиевтің "І.Есенберлин" атты өлеңін мәнерлеп оқыса, кітапхана қызметкері, дәстүрлі әнші Н. Құлымжанов әуелетіп ән салды.

Шараны ұйымдастырушылар жыл бойында "Көшпенділер" романы бойынша атқарылған істерін тілге тиек етіп, жиылған жұртқа І.Есенберлиннің шығармалары мен алдыңғы жылдары жыл кітабы болып таңдалған сегіз кітапты қамтитын кітап көрмесін ұсынып, тақырыпқа сай викторина жүргізді. Кештің соңы жас ақындардың дүрілдеп өлең оқу үрдісіне ұласты..