Биыл қазақтың көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Бұл мерейтой қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Елімізде өткізілетін республикалық "Бір ел – бір кітап" акциясы аясында да І. Есенберлиннің өмірі мен шығармашылығына арналған көптеген ауқымды іс-шаралар атқарылып, кеңінен насихатталуда.
Жыл басынан көрнекті жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған бірқатар шаралар облыстық кітапханада өткізілуде. Игі шаралар жалғасы ретінде 2015 жылдың 27 – қыркүйек күні сағ. 14.30 да "Бір ел – бір кітап" акциясы аясында І. Есенберлиннің танымал "Көшпенділер" тарихи роман-трилогиясын насихаттауға арналған "Қазақ өмірінің энцклопедиясы" атты әдеби кеш өтеді.
Кешке қаламыздағы азуын айға білеген ақын-жазушылар мен мүйізі қарағайдай тарихшы, әдебиетші ғалымдар қатысады. Кеш емен-жарқын формада сұрақ-жауап, пікірталас түрінде өтеді. Шараның ұйытқысы болып жүрген "Жыр-Жауһар" поэзия клубының талантты жастары романнан үзінді монологтар оқып, ән мен жырдан шашу шашады. Бұл кештің ерекшелігі – клубымызға жаңадан келген жас ақындар қазақ хандарының атасы Жошы ханның қайғылы қазасы мен Қазақ хандығының 550 жылдығын жырға қосады.
Төл тарихымыз бен еліміздің ертеңіне бей-жай қарамайтын барлық оқырман қауымды осы кештен қалып қоймауға шақырамыз.
Біз Сіздерді кітапханамыздың конференц залында күтеміз.
Анықтама телефоны: 56-53-05, 8702-763-88-24