Кітапханамызда жұмыс жасайтын "Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелері жас буынды әдебиетке, кітап оқуға қызықтыруды алға мақсат етіп қойған. Сондықтан осы мақсатта іс-шаралар жүргізіп, жастарды кітап арқылы тәрбиелеуге өз үлестерін қосып жүреді.
4 маусым күні "Жыр-Жауһар" поэзия клубының бір топ мүшелері №34 орта мектептің жазғы демалыс лагерінде болып қайтты. Қазақстан Республикасының рәміздері күні мерекесі мен алда келе жатқан Елордамыз Астана күніне орай "Бүлдіршін көзіндегі күлкі" тақырыбында бірқатар шаралар ұйымдастырылды.
Клуб мүшелері өлеңдерін оқып, балалармен бірге ән салып, төгілдіре күй тартты. Бүлдіршіндер мәз-мейрам. Өнерпаздар шапалақтың астында қалды. "Мөлтек мұң" атты тұңғыш жыр жинағы жарыққа шыққан жас ақын Әселхан Торбаева мектеп кітапханасы қорына кітабын сыйлап, жырдан шашу шашты. "Мемлекеттік рәміздер елдіктің белгісі" атты кітап көрмесі оқушылар мен ұстаздар назарына ұсынылды. Іле-шала мектеп оқушылары да өз өнерлерін ортаға салды. Қазақстан Республикасының рәміздері мен Астана қаласы туралы викториналық сұрақтарға кішкентай бүлдіршіндер белсенді қатысып, таласа-тармаса жауап берді. Шапшаңдықты, ептілікті, ақылдылықты талап ететін түрлі ойындар балақайларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ойынға балалардың барлығы дерлік қатысып, алғырлықтарын көрсетті. "Болашақ – балалар көзімен" деп аталатын сурет байқауында балалар екі топқа бөлінді. Аппақ армандары мен қиялдарын бірі тастөсемге, бірі ақ қағазға бейнелеген бүлдіршіндердің жүздері бал-бұл жайнады. Мағыналы сурет салып, ерекше қабілетімен көзге түскен балаларға кітап сыйға тартылды. Кешке қатысқан барлық балаларға тәтті үлестірілді.
Шара соңында мектеп кітапханасы қорына естелік сыйлықтар тапсырылды. Аталмыш білім ордасының ұстаздары болашақта бірге жұмыс істеу ниеттерін айтып алғыстарын жаудырды.