2015 жылы 18 маусымда сағат 11.00-де Қарағанды облысының тұрғындары үшін Жазғы Оқу қаласының ашылуы өтеді.

«Жазғы Оқу қаласы» жобасының мақсаты қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын ояту, жастар мен ересектер қауымын кітап оқуға тарту және балалардың жазғы бос уақытын ұйымдастыру.

Үш жылдан бері Жазғы Оқу қаласы қарағандылықтарға кітап басылымдарының кең таңдауын ұсынып, кітап оқу мен демалысқа қолайлы жағдай туғызуда. Көшедегі кез-келген қала тұрғындары жазғы оқу қаласының оқырманы бола алады. Гүлзардағы орындықтарға жайғасып кітап оқып немесе қалаған кітаптарын үйгетегін әрі қайтарусыз алып оқу мүмкіндігіне ие болады. Жазғы Оқу қаласының қорынан жаныңызға жақын кітаптарды таба аласыз. Біздің оқырмандарымыз бен кітап дүкендері ұсынған топтамаларда әртүрлі классикалық әдебиеттер, махаббат туралы романдар, детективтер, балаларға арналған әдебиеттер, журналдар да бар.

Қала тұрғындары өздерінің оқыған кітаптарын жазғы оқу залына әкеліп, кітапқа жаны құмар басқа да оқырмандармен бөлісуіне болады.

Жазғы Оқу қаласы Мәңгілік алау алаңындағы гүлзарда 1 қыркүйекке дейін аптасына екі рет сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін жұмыс істейді. Оқырмандар үшін байқаулар, викториналар мен оқуды қолдауға арналған әртүрлі акциялар өткізіледі.

Жаз келді – оқитын кез келді!