Тарихын білмей өскен ұрпақ тамырсыз өскен гүл сияқты. Соғыстан кейінгі кезең қазақ қоғамы үшін ауыр тиді. Сауаттылар сотталып, айыпсыздар жер аударылды. Тарих саласы да жұтаң халде еді. Осы кезде өзінің Отанға деген перзенттік борышын іспен дәлелдеген асыл азаматтың бірі һәм бірегейі – жазушы Ілияс Есенберлин. Ол тарихымызды көркем тілде сөйлеткен аса ірі қаламгер. Биыл жазушының 100 жылдығы "ЮНЕСКО" көлемінде тойланғалы отыр.
Осыған орай "Қазақ тарихының көркем шежірешісі" атты әдеби кеш Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өтті. Кешке қаламыздағы жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы қатысты.
Кеш ықшам әрі тартымды өтті. Филология ғылымдарының докторы, профессор М. Хамзин жазушының өмірі мен шығармаларына тереңнен тоқтала келіп, "Қазақ әдебиетіндегі ауыз толтырып айтуға тұрарлық, еңбектері ертеңге шүбәсіз жететін шығармалар - Есенберлиннің шығармалары" - деп баға берді. "Бүгінгі қазақ жастары М. Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясынан кейінгі бірден-бір кесек туынды І. Есенберлиннің "Көшпенділер" роман-трилогиясы екендігін білулері керек" - деп жас өрендердің санасына перзенттік борышын міндеттеді. Арнайы дайындалған, жазушының шығармаларының өміршеңдігін көрсететін бейнетаспалар кеш қонақтарын баурап алды. Қарағанды гуманитарлық колледжінің студенттері Қуаныш Советхан тамылжытып ән салса, Ербұлан Мақатай "І. Есенберлин" атты
Қ. Мырзалиевтің отты өлеңін өте шебер оқып жеткізді. Психикалық дамуы артта қалған мектеп-интернатының оқушылары жазушы шығармаларын сурет тілімен сөйлетіп, кешке тың серпін сыйлады. Кеш барысында жазушының биік адамгершілік қасиеттері мен еңбекқұмарлығы, өлеңдері мен поэма-дастандары кеңінен талқыланып, жастар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. "Тарихи сананың тамыршысы" атты кітап көрмесіне шолу жасалып, оқырманның жазушы шығармаларына деген қызығушылықтарының артуына демеу болды.
Кеш соңында кеш қонақтарына ілтипат білдіріліп, алғыс хаттар тапсырылды. Естелікке суретке түсіп, жұрт жайдары тарқасты.