Бабаларымыз "Аурудың алдын ал, жаудың алдын ал, қайта көтерілген даудың алдын ал" деген екен. Ғасыр дертіне айналған есірткі және оны тұтынудан аулақ болу, кеселдің алдын алу қажеттілігі бүгінде күн тәртібіндегі ең басты мәселелердің  бірі болып келеді. Жас жеткіншектердің осы бір індетке еліктеп, бой алдырмауына оқу орындарының біліммен қоса тәрбие  берудегі қосар үлесі орасан зор. Міне, осы мақсатта қаламыздағы Д. Қонаев атындағы колледжде кітапханамыздың  оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері "Мен өмірді таңдаймын" атты нашақорлыққа  қарсы  ақпараттық шолу сағатын өткізді. 

Аталмыш оқу орнының студенттері назарына "Нашақорлық ғасыр індеті" аты видеоролик көрсетіліп, нашақорлыққа байланысты шынайы өмірден алынып жазылған кітаптарға  қазақ және орыс тілдерінде шолу жасалынды. Артынша студенттерге ғаламдық мәселеге айналған нашақорлық тұрғысында құрылған кроссворд таратылды. Бұған да жастарымыз белсене қатысты.  

Студенттердің өзіндік  пікірін білу мақсатында жекелей сұрақтар қойылып,  оған жастарымыз пайымды пікірлерін білдіріп, орамды ойларын  ортаға салып, өздерінің салауатты өмір салтын ұстанып, ондай зиянды әдеттерден аулақ екендерін көрсете білді.

Қауіптен құтылудың ең дұрыс тәсілі - оларды еш уақытта татып көрмеу екендігін бүгінгі кеште жастарымыз ұғынып, көкейлеріне түйгені анық.

Дана халқымызда: "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" деген ұлағатты сөзін әркім ойында сақтаса мұндай "аты жаман" дертке шалдықпасымыз айдан анық.