Атыраудың топырағы бұрқ етті сол күні. Қаралы күн еді. Қас-сақтың аспанында бұлт үйірілді. Қазақ әдебиетінің қабырғасы қайысты. Ел Фаризасынан айырылды.

...Тағдыр ғұмыр кештірмей малша маған,

Кемтар етпей,

Кенде етпей ар-санадан

Ғұмыр бітті.

Мен кешкен сәттің бірін,

Сезіне алмай өтеді қаншама адам", -

депті Фариза Оңғарсынова өзінің соңғы өлеңінде.

Осылайша фәниден бақиға аттана барды. Фариза кім еді? Оның ұлылығы неде? Осыны ескерген жөн шығар. Ұлылығы - Фаризаның Фаризалығында... Артында оны ұлықтайтын, асқақ көретін Ұлы Қазағы қалды. Ұлықталып келеді де.

Өткен аптада Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен "Өлеңін аялаған өр ақын" атты Фариза Оңғарсынованың 75 жылдығына арналған  әдеби-сазды кеш өтті. Кешке Арқаның зиялы қауымы жиналды. Ақын жайлы естеліктер айтып, Фариза туралы тереңнен сыр шертті.

Серік Ақсұңқарұлы: "Дүниені құртатын қалыппен өмір сүретіндер. Фариза сол қалыптан шығып кеткен ақын. Оған сеп болған Мұқағали еді... Фариза өмірінің соңында мені іздепті. Апайымның дүниеден озарын білмедім-ау. Ғұмырының соңғы сәтінде қасынан табыла алмадым. Сол өкініш әлі де өзегімді өртеп жүр", - деп бір толғанып алды.

Абзал Бөкен, Кеңес одағы кезінде тек еңбек пен партия туралы ғана жазу талап етілгендігін айта келе, Фаризаның сол қалыпты бұза жарып, әдебиетке әйелдің жұмбақ әлемін әкелгендігін атап өтті.

Фариза интимдік поэзияны балтырға дейін жеткізе жырлады. Байқаймын, әдебиетте жүрген кейбір қарындастарымыз бұл бағытты тіптен лыпаға дейін көтеріп жіберді. Бұл бір қасірет, - деп бір түйді Абзекең.

Қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсыноваға арналған кеште Мұқағалидың "Фаризасы" ән көгіне көтерілді. Кітап көрмесінде Фаризаның барлық кітабы қамтылды. Ел танысты.

Күлтегін жазбалары мен жыраулар поэзиясы, зар заман ақындарын, қазақ жазба әдебиетінің қалыптасу кезеңіне қарап отырсаңыз әйелден шыққан ақын жоқ екен. Сара мен Алмаларды (негізінен фольклорға жатады олар) қоспағанда. Фариза - әйелден шыққан тұңғыш ақын деуге толық негіз бар. Поэзия жынысқа бөлінбейді. Дегенмен, Фариза нәзік жандыдан шыққан ақындардың мектебін қалыптастырды. Іле-шала Ұлы көшке Күләш Ахметова, Марфуға Айтқожина, Ақұштап Бақтыгереева, Қанипа Бұғыбаева, Оңайгүл Тұржандар келді. Оған Жанна Елеусіз, Жанат Әскербекқызы, Танакөз Толқынқызы сынды ақындарды қосыңыз. Кеш қонағы, филология ғылымдарының докторы, профессор  Қойлыбай Асанов осы ойымыздың үстінен дәл түсті.

Студенттер мен мектеп оқушылары қатысқан айтулы кеште "Жыр-Жауһар" поэзия клубының ақындары өлеңнің өміршеңдігін тағы бір дәлелдеді.

Қазақ поэзиясының ірі өкілі дүниеден озғанмен, Фаризаны қайта тірілтер жауһар туындылары қалды емес пе? Лермонтов айтпақшы, "Оның екінші ғұмыры басталды". Күллі ғұмырын өлеңге арнаған Фаризаның жарқын бейнесі қазақтың жадында мәңгілік сақталарын айшықты кеш тағы бір рет айқындай түсті.