Өмірден ерте кеткен, жұртшылыққа қара Дәулет есімімен таныс Сәтібеков Дәулет Ырысбайұлына арналған "Қараша ғұмыр – қара өлең" атты еске алу кеші кітапханада 2014 жылы 9 желтоқсан күні өтті.

Жаратқан иең, жасаған

Тағдырыңнан аса алмай,

Көнесіңде қоясың,

Жанарыңа жас алмай.

Маңдайыңа  жазылған,

Мықты жазу бар екен, 

деп Дәулеттің өзі жазғандай оның маңдайына жазылғаны қысқа ғұмыр екен. Бірақ қысқа өмірі артында  Дәулеттің  мазмұнды және мәнді  шығармалары, шығармашылық өмірі қалды.

Еске алу кешін Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Д. Ырысбайұлының досы Қ.Д. Асанов жүргізді.

Ақиық ақын Серік  Ақсұңқарұлы бастаған қарағандылық ақындар Абзал Бөкен, Серік Сағынтай, Шет ауданынан Тезекбай Амандықов ақынның Арқадағы әдебиет пен өнердің төрі мен төңірегінде жүрген алдыңғы да кейінгі толқыннан лайықты бағасын алғандығы жайлы әңгіме өрбіді. Баршаға сыйлы, айналасына бауырмал, қамқоршы, отбасында балажан, адам көңілін қалдырмайтын жігіттің серісі деген естеліктер айтылды.

Үш бүршігім, үш бұтағым, үш талым,

Үшеуіңнен үш құдірет құшқаным.

Үмітімді елес етіп көремін,

Үш талымнан үш топ құстың ұшқанын

–  деп өзінің жары мен үш перзентіне деген махаббатын кең құлашпен, асқақ көңілмен жырлап кеткен ақынның отбасы кештің қонағы болды. Тұңғышы Келбет әкесінің "Балама" деген өлеңін оқыса, Тәттімбет атындағы өнер колледжінен дәріс алып жатқан ұлы Ахмет күмбірлетіп күй тартып, әкелеріне деген сағыныш естеліктерін ортаға салғанда, оқырмандар да көздеріне жас алды.

Кеш барысында Дәулет Ырысбайұлының өлеңдеріне жазылған "Қарағанды вальсі", "Сен деп соққан жүрегім"  әндері  шырқалып,  күй төгілді. Дәстүрлі әнші Ержан Базарбеков өнердегі рухани ағасы "Оғлан ақын" туралы жүрек жарды лебізін ән арқылы жеткізді. Ақындар І. Мұқай, М. Асан, Р. Қабидолдин, Ж. Әлиман, Ж. Шалқар  жырдан шашу шашты.

Ақынның өлең  жолдары, ақындыққа, адамгершілікке, азаматтыққа, арман мен жүрек сезіміне  толы екендігін  артында қалған "Ғұмырымның тамшысы", "Нұр" атты   өлеңдер жинағы  кеш қонақтарының ерекше ықыластарын аударып, қызығушылықтарын туғызды.

Артына айшықты жырларын қазақ әдебиетінің аспанында қалықтап әлем әдебиетіне көш түзері сөзсіз.

Кештен алған ой-әсері туралы жазған жас ақын, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің оқытушысы Алмаз Мырзаахметтің "Жастық пенен махаббаттың бесігі өзің, Қарағандым!" атты пікірін facebook бетінен оқи аласыздар:

Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Арқа асқарынан Алаш аспанына көтерілген ақиық ақын Дәулет Ырысбайұлына арналған әдеби кеш өтті. Алаш сыйлығының иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы, "Филология" ғылымдарының докторы, ақын Қойлыбай Асанов ағаларымыздың мұрындық болуымен облыстық кітапхана мен Республикалық "Қасым" әдеби-қоғамдық журналы ұйымдастырған аталмыш шара әдебиет сүйер қауымға Қарағандының Қара Дәулеті жырларын тарту етті, естеліктер айтылды. "Қарағанды вальсі" шырқалып, ақынның ұлы —Ахмет күй шалықтатты. Заманының заңғары, әдеби ортаның шырағын лаулатып, "кейінгі толқынның" көкірегінде өлең алауын тұтатып кеткен "алтынкөпірлік" ақиық ақын шығамашылығына арналған көрме тамашалап, жалындай шарпыған жырлар тыңдаған әр оқырманның көңіл көкжиегі поэзия нұрымен боялды. Әдеби кештің қонақтары, ақындар Абзал Бөкен, Серік Сағынтай, Ілияс Мұқай, Мирас Асан, Рауан Қабидолдин, Жәнібек Әлиман, Жәлел Шалқаров өртті өлеңдер оқып, белгілі журналист, Жазушылар одағының мүшесі Сүйіндік Жанысбай ақсақал сөз сөйлеп, дәстүрлі әнші Ержан Базарбеков әуелетіп ән шырқады. "Әкем биыл елу жасқа толар еді..." - деп көзіне жас алған ақынның тұңғышы Көркем Дәулетұлы әдемі естеліктерімен бөлісті. Жүректерге жастық пен сағыныштың сыйлаған Дәулет Ырысбайұлы ағамыздың әндері орындалып, Қарағанды аспанына шалықтап кетті...
"Ақбөкенді Арқаның даласында,
Ару қыз бар Қарағанды қаласында.
Менің жалын сезімінің,
Менің шыдам төзімімнің,
Шынары сен боласың ба?

Ерке қыз елігіңдей сенің, далам,
Ен далам, берерім көп менің саған.
Арқадағы алқа күздің
Қарақат көз қалқа қыздың,
Мекені осы – менің қалам!

Сен үшін жүрегімнің сезімі шын,
Мені шын жаратқан ба төзім үшін?
Қырандардың қиясындай,
Қарлығаштың ұясындай,
Қарағандым өзім үшін!

Қарағандым, қалмасыншы балаңда мұң,
Балаң болдым – бағым ба, бағаландым?
Достық пен шапағаттың,
Жастық пенен махаббаттың,
Бесігі өзің, Қарағандым!"

Серік Сағынтайдың "Қара Дәулеттің Қарағандысы" атты эссесіндегі: "...Кейін ойлап, қарап отырсам, осы бір өлеңнің әр шумағындағы алғашқы екі жолы мәңгілікке қояр сауалы мен жалғаншының жүзінен көрген жауабы болса, қайырма іспетті қайырылып соғып отырар соңғы үш жолы жалғанның аз күні қалғанын аңғарған ақынның армани арызы екен!.." - деген жолдары ойымызға оралып, әнге елтідік.
Кеш соңында облыстық кітапхана директоры Дина Базарбайқызы ақынның жұбайына сыйлық ұсынып, "Қасым" редакциясы әдебиет жанашырларына журнал таратты. Келесі жылы Дәулет Ырысбайұлының ауқымды кешін ұйымдастыру туралы бастама көтеріліп, әдебиет сүйер қауым шын көңіл ризашылықпен тарқасты.

Өлкетану әдебиеті бөлімінің меңгерушісі С.О. Телпекбаева