Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 80-жылдық мерейтойы аясында оқырмандарына арнайы сый ретінде ҚР Ұлттық кітапханасының Бас директоры, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Асқар Әлібек Асылбайұлымен кездесу кешін ұйымдастырған болатын. Осыған орай, 2014 жылдың 6 қараша күні киелі кітап ордасына оқырман жастар ағылып келіп жатты. "Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын" атты кездесу кешін Қазақстан жазушылар Одағының Қарағанды облыстық филиалының директоры, ақын, "Алаш" Халықаралық сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлы жүргізді.
Бас кейіпкерді ортаға қол соғып қарсы алған оқырмандар мен кешке арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесі Әлібек Асылбайұлының көңілінен шығып, қонағымызды ерекше күйге бөлегендей еді. Кітап көрмесінен 70-ші жылдары жарық көрген мақалаларын көрген жазушы "Сендерден ештеңе жасыра алмайсың" деп жиылған жұртты бір күлдіріп өтті.
Кездесуге қала жастарымен бірге Арқаның арқалы ақындары мен жазушылар, зиялы қауымы қатысты. Оқырманына ашық екендігін көрсетіп, барлық сұрақтарға бұқпасыз, боямасыз жауап бере отырып жазушы өмірінің ерекше сәттерін суреттегендей әңгімеледі. Мұзтауды бағындырып, Көккөлдің трагедиясын ашып халыққа жеткізе білген жазушының негізгі мамандығы суретші екендігін де оқырман осы кеште білді.
Арқа жұртшылығының сафари жанрындағы жазушыға ерекше ілтипатын Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Е.М. Ағымбаев жеткізе отырып, Сарыарқа елінен естеліктер сыйлады.
Өте әсерлі өткен кештен Қарағанды жастарының оқуға деген, көркем әдебиетке деген ынтызарлығын байқаған жазушы да жиылған жастарға қолтаңбасымен кітаптарын сыйға тартты.
Мұзарт шыңдары мыңжылдықтарда мұқалмай, жүзжылдықтардың жүрек лүпілін үзбей тыңдап келе жатқан алтын құрсақты Алтайдың ардақтысын арқа төсінен көргеніне көпшілік ризашылықтарын білдіріп, қуанышпен тарқасты.