6 қарашада кітапханамыздың 80 жылдық мерейтойына орай "Заманауи кітапхана: даму векторы" атты республикалық конференция жұмысын бастап кетті. Конференцияға ҚР Ұлттық кітапханасының Бас директоры Асқар Әлібек, Новосибирск ОҒК директорының ғылыми және кітапханалық жұмысы бойынша орынбасары В.Г. Деев пен В.Г. Белинский атындағы Свердловск облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты О.В.Морева арнайы қатысып, баяндамалар жасады. Пленарлық мәжіліске қатысушылар "Гоголевканы" мерейтойымен құттықтап, ыстық лебіздерін білдірді.
Мәжілісте кітапхана ісінің көкейкесті проблемалары мен жетістіктері қозғалып, "Кітапхана – білім, шығармашылық және қарым-қатынас коммуникацияларын бірлесе пайдалануды ұйымдастыру ошағы" тақырыбында ұйымдастырылған ашық шығармашылық алаңында жалғасын тапты.
Шығармашылық алаңды Қарағанды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары С.О. Оспанова жүргізді.
А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасындағы инновациялық жобалар туралы осы кітапхана директорының орынбасары Б.Ж. Шагиева "Дамуға бағытталған жаңашылдықтар" тақырыбында сөз алды. Креативті идеяларға толы кітапхана әрқашанда жұртшылықтың жиналар орны болып қала беретініне Бибігүл Жамбылқызының айтқандары басты дәлел болды.
Заман талабына ілесіп, бүгінде кітапханашылар да ақпараттық-коммуникациялық құралдарды кеңінен пайдалануда. Осы орайда Қарағанды облысының ОКЖ арасында шахтинскілік әріптестеріміз көш бастап келеді. Мобильді технологияларды кітапханада қалай тиімді пайдалануға болатыны туралы және оның берер нәтижелері жайында Шахтинск ОКЖ директоры И.А. Калинина хабарлама жасады. Шығармашылық алаңның ең өзекті және қызықты баяндамасы қатысушылар арасында қызу талқылаудың себепшісі болды. Мобильдік технологиялардың кітапхана кеңістігіндегі орны нақты анықталмағаны және оның маңыздылығы сөз арқауы болды.
Шығармашылық алаңның келесі бағыты ОКЖ жұмысын реттеу және бағдарлау бағытында Н.В. Гоголь атындағы ОӘҒК әдістемелік қызметінің атқарып отырған жұмыстары жайында болды. Облыстық кітапхананың әдістемелік қызметінің жетістіктері республика деңгейінде жоғары бағаға ие болып отырғаны белгілі. Осы орайда Бұқар жырау және Осакаров ОКЖ хабарламалары тыңдалды. Әдістемелік бағдарды дұрыс ұстана білген ОКЖ бүгінде қала, ауыл тұрғындарының нағыз ақпараттық орталықтарына айналып отыр, ал осы бағытта облыстық кітапхананың алатын орны ерекше. Конференцияға арнайы келген ресейлік әріптестер де Н.В. Гоголь атындағы ОӘҒК әдістемелік бағытындағы жұмыстардың жетістіктерін жоғары бағалап, өз кітапханалары үшін жаңа жұмыс түрлері мен бағдарларды анықтап алғандарын және оларды іс-тәжірибелеріне қолданатындары туралы атап өтті.
2013 жылы Шымкент қаласында жаңадан "Отырар" облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы оқырмандар үшін есігін ашты. Жаңа кітапхананың келбетімен, жұмыс бағытымен осы кітапхананың маманы Б.М. Қанатова таныстырды.
Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асырылып отырған Қазақстандық Ұлттық электрондық кітапханасы контентін толықтыру жұмысына республикамыздың барлық кітапханалары атсалысып келеді. ҚазҰЭК аймақтық контентпен толықтыру жұмысындағы проблемалар туралы Н.В. Гоголь атындағы ҚОӘҒК өлкетану бөлімінің меңгерушісі С.О. Телпекбаева сөз қозғады. Әрине, ең басты проблема – ол авторлық құқық проблемасы. Осы орайда ресейлік әріптестер РФ авторлық құқық заңнамасындағы жаңа өзгерістермен таныстыра отырып, мәселенің қашанда өзекті болатынын атап өтті.
Жалпы, шығармашылық алаң жұмысы кітапханашылар көкейіндегі мәселелердің барлық аймақтар үшін бір екендігін, пікір алмасу, тәжірибемен бөлісу кәсіби деңгейді арттыратынын тағы да анық көрсетті.