Қабырғалы қаламгер, Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов биыл тоқсан жаста.
Айтулы мерейтойға орай кітапханамызда "Уақыт және қаламгер" атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кештің мақсаты – жастарды жазушы өмірі және шығармашылығымен таныстыру, кітапқа деген қызығушылықтарын ояту, қаламгер туындыларын насихаттау.
Кеш басында көрсетілген Ә.Нұрпейісовтің әдебиет атты арлы ғұмырдағы жүріп өткен жолы жайлы бейнеролик оқырманды баурап қызықтыра түссе, слайд презентация көптеген соны деректерге қанық қылды. Кешке "Ханшайым" әңгімелер жинағының авторы, ақын, жазушы Алмаз Мырзахметов, әнші, сазгер Ерқанат Кеңесбекұлы, жас алаштанушы, қаламы қарымды журналист Дулат Аманжол сынды еліміздің әдеби-мәдени өмірінің дамып, алға жылжуына өзіндік үлестерін қосып жүрген азаматтар қатысты. Меймандарымыз қаламгер шығармашылығы мен өмірі жайлы өзіндік ой-пікірлерін тұшымды да тартымды етіп жеткізді. Кешке қатысқан студенттер мен №36 орта мектептің оқушылары жазушы шығармашылығы туралы сұрақтар қойып, жүргізушілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, белсенділіктерін танытты. Сонымен қатар, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі, жас ақын Ж. Шалқар жиылған көпшілік назарына Ә. Нұрпейісовтің кітаптарынан құралған "Уақыт және қаламгер" атты кітап көрмесіне шолу жасап, қордағы әдебиеттермен таныстырды.
Жазушының әдебиет майданында "Қан мен терге" малынып, "Сең соққандай "Сергелдеңге" түссе де, "Күйремей" туған жерін, Аралын қаламымен қорғап қалу "Соңғы парызына" айналғанын қонақтарымыз тағы бір мәрте дәлелдеді.
Кештің тартымды өтуіне Тәттімбет өнер колледжінің студенті Арманай Әбдімомынқызы әуелетіп ән салып, өзіндік үлесін қосты.
Кеш соңында "Жыр-Жауһар" поэзия клубының әнұраны орындалды. Кеш қонақтары естелікке суретке түсіп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.