2014 жылы 16 қазан күні "Сұңқар Сәкен" атты "Өлкетану" клубының отырысы өтті.
Биыл қазақ халқының біртуар ұлы, ақын, жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 120 жыл толды.
Ғұмырын елінің жарқын болашағы үшін күресуге жұмсаған қоғам қайраткері, соңында сырлы да сазды поэзия қалдырған ақын, Сәкен Сейфуллиннің шығармаларын, саяси-қоғамдық қызметтерін, азаматтық тұлғасын жастар арасында насихаттау мақсатында кітапханада "Сұңқар Сәкен" атты "Өлкетану" клубының отырысы өтті.
Кезекті отырыста Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ профессоры Жандос Қожахметұлы Смағұлов оқырмандарға С.Сейфуллиннің тар жол, тайғақ кешу, тайталас күресте шынығып, кемелденген азаматтың 20-жылдардың бірінші жартысында ірі мемлекет қайраткері, үлкен саясаткер ретінде көрінгені жайында тұщымды ой айтып, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Т. Кәкішевтің сәкентану жолында сіңірген ұшан теңіз еңбегі жайлы жан-жақты хабардар етті. Сонымен қатар, Сәкеннің А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев және С. Мұқанов сынды тау тұлғалы азаматтарымен болған шығармашылық қарым-қатынастары арқылы ақынның нақты тарихи тұлғалық ақиқатын ашып беріп, "С.Сейфуллин жолымен" атты экспедициясында да жинақталған, халық әлі естімеген тарихи ақтаңдақтармен де таныстырды.
Өте қызығушылықпен тыңдаған аудитория көптен бері мазалаған сұрақтарына толық қанды жауап алып қана қоймай, Алаш зиялылары туралы өз ойларын ортаға салып, пікірталас болды.
Отырыс барысында "Өлкетану" клубының мүшелері Сәкеннің сезімге толы өлеңдерінен үзінді оқып, әндері шырқалды. Актер, драматург Қанат Жүнісовтің "Сәкен Сұңқар" атты бейнебаяны тамашаланды.
Сәкеннің ұлтын, халқын көркейтемін деп атқарған жанкешті еңбегі, аңызға айналған сәні, дархан дарыны, сыршыл әні турлы кітап көрмесіне әдеби шолу жасалды.
Сәкен Сейфуллин сияқты азапта кеткен алыптарымыздың жаққан
алауын өшірмей, келер ұрпаққа маздаған күйі жеткізу – баршамыздың міндетіміз.
Өлкетану әдебиеті бөлімінің меңгерушісі С.О. Телпекбаева