Өскелең ұрпақты кітап оқуға баулу мақсатында өткізілетін республикалық «Бір ел - бір кітап» акциясы аясында «Жарасымнан жаралған жан еді» атты әдеби-сазды кеш  қазақ қара сөзінің хас шебері Сайын Мұратбековтың өмірі мен шығармашылығына арналып өткізілді.

«Жусан иісі» повесін оқымаған адам биыл кемде-кем шығар?.. Осы повестің үзіндісімен шымылдығы ашылған кештен соң тағы бір қолға алып оқып шығу міндетке айналғандай.

Кештің тартымды да пайдалы өтуіне ҚарМУ-нің аға оқытушысы Ләззат Қожахметова, белгілі ақын, сазгер Ерқанат Кеңесбековпен қатар, жаңашыл бағытты ұстанып, ықшам форматта өте шебер жазылған «Мимырт» романының авторы Арман Әлмамбет  өз үлестерін қосты.

Кеште С. Мұратбековтың шығармашылығы жайлы сөз қозғалып, олардың оқылуы мен насихатталуы жайлы айтылды, саңлақ жазушының шығармалары ғасырдан-ғасырға жетіп, саналы ұрпақ тәрбиелеуде теңдессіз үлес қосатыны арнайы атап көрсетілді. Сондай-ақ, кеште «Жыр-Жауһар» поэзия клубының жас ақындары тарапынан нәзік иірім мен асқақ рух тудырған поэзия жауһарлары оқылды. Қазақтың аяулы ақыны, «Қарағанды вальсінің» авторы, «Қара Дәулет» атанып кеткен сұрапыл шайыр Дәулет Ырысбайұлының ұлы Ахмет Дәулетұлы тамылжытып күй тартса, жас әнші Шыңғыс Сәрсенбаев шалқытып ән салып көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Нақ осы кеште жиналған қауым «Жыр-Жауһар» поэзия клубы әнұранының алғашқы тыңдармандары атанды. Сөзін жас ақын Ж.Шалқар, әнін ақын, сазгер Е. Кеңесбеков жазыпты.

Әдебиетке жаны құмар жастар өздерін толғандырып жүрген көкейлеріндегі  сұрақтарының жауабын тапты деген сенімдеміз. Кешке келген қонақтар мен студент жастар естелікке суретке түсіп әрқайсысы бір-бір ой түйіп қайтқаны сөзсіз.

«Жыр-Жауһар» поэзия клубының төрағасы

Жәлел Қуандықұлы