Қазақ "қазақ" болғалы небір зұлматты басынан кешірді. Соның ішінде ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ халқының тарихындағы аса бір азалы жылдар болды. Туған халқының болашағы үшін еңбек еткен ұлт зиялылары "ұлтшыл", "жікшіл", "оңшыл" - деп айыпталып, жазықсыз жапа шекті, елінен айрылып, жерінен бездірілді. Еңбектері өртеліп, аттары мұрағат құжаттарында "халық жауы" ретінде құпия сақталынды.

Тек, еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ғана тарихтың ақтаңдақ беттері шынайы бағасын ала бастады. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды.

1993 жылдың 14 сәуірі "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заң жарияланып,  бұған дейін тағдырлары беймәлім күйге ұшыраған ұлт зиялылары халқымен қайта қауышты. Ақпарат көздеріне жүгінсек, республикада заңсыз қуғындалған 345 мың адам ақталған. 

1997 жылдан бастап 31 мамыр Елбасының Жарлығымен "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні" болып бекітілді.

Қазақты сан жағынан да, сапа жағынан да есеңгіретіп кеткен сол зұлмат кезеңді "ұлы нәубет" деп қабырғамыз қайыса еске аламыз. Үрейлі жылдардың зобалаң шежіресін ашу мақсатында көптеген еңбектер жарық көрді, зерттеу мақалалар басылды. Ескерткіштер бой көтеріп, мұражайлар халыққа қызмет көрсетуде.

Н. В. Гоголь атындағы ОӘҒК – сындағы "Тарихқа көзқарас" атты кітап көрмесінен сол үрейлі кезеңнің оқиғалары жайлы мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген материалдар мен кітаптармен, фото құжаттар мен мұрағат құжаттарынан алынған деректер мен дәйектермен таныса аласыздар. Қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатын ұғыну – бүгінгі ұрпақ міндеті, Һәм, борышы.

Біз баршаңызды кітап көрмесімен танысуға және ұлы даланың өр рухты ұлдарының өмірі мен шығармашылығына тереңірек үңілуге шақырамыз.