Осымен үшінші жыл қатарынан Н.В. Гоголь атындағы облыстық кітапхана қабырғасында "Гоголевкадағы" Кітапхана түні жастар Акциясы өткізілді. Аталмыш шара ҚР мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында Қарағанды қаласының және кітапханамыздың 80 жылдық мерейтойларына орайластырылып ұйымдастырылды. Шараның ашылу салтанатына Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы А.М. Ағымбаев, құрметті қонақтарымыз"Абай" республикалық журналының бас редакторы М.Оспанов, Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық әмбебап кітапханасының директоры А.А. Шаймарданова қатысты. Шараға арнайы келген қонағымыз ҚР Ұлттық кітапханасы бас директорының орынбасары Ж.К. Шаймұханбетова кітапхана директоры Д.Б. Аманжоловаға "Кітапхана ісінің шебері" Құрмет белгісін табыстады. Кітапхананың "Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелері кітапхана ауласына гүл көшеттерін отырғызып, жиналған қауымға нәзік лириканың лебін сыйлады.

Кітапхана түнінің бағдарламасы кез-келген жастағы оқырмандарға арналды. Шара барысында бір уақытта 8 шығармашылық алаң жұмыс істеді:

"FREE MARKET" тегін дүкенінде кеңес үкіметі заманына шегініс жасалды, ал "Шеберлер қаласында" байламдар мен галстуктарды сәнді байлаудың, шаш өрудің ерекше үлгілерінің көрсетілімі өтті. Әдебиет пен өнер сүйер қауым үшін білімділер сайысы кітапханамыздың өлкетану, өнер туралы әдебиеттер бөлімінде өтті. Заманауи оқырмандарымыз үшін QR-квесті көпшіліктің қызығушылығын оятты. Ал би үйренем деушілер үшін "Бидегі ғасырлар тарихы" би алаңы қызмет көрсетті. Шахматтан спорт шебері, ардагер журналист А.Жанғожиннің қатысуымен "е2-е4" клубында шахматшылардың басы қосылып, керемет ойындар ойналды. Кітапхананың көпшілікке жұмбақ жері, жертөледе орналасқан кітап сақтау бөлімінде Минотаврмен жүздесу болды. Кітапхана түні барысында "Мені өзіңмен ала кет" Акциясы кітап сүйер оқырмандарға таптырмайтын мүмкіндік сыйлады. Оқырмандар бұл Акцияда арнайы қойылған сөрелерден ұнаған кітабын таңдап, өзімен алып қайтты. Бір ерекшелігі мұнда ешқандай мерзімін ұзарту талабы жоқ.

Бәрі де сыйлыққа! Сонымен қатар, "Оқуды ұсынамыз" кафе-бары, "Кітапханаға досыңды жаз" тегін жазылу акциясы жүргізілді.

23.30-да Кітапхана түнінің қорытындысы жасалды.

Шығармашылық алаңдардың жеңімпаздарына сыйлықтар табысталып, 24.00-де Жастар Акциясы керемет отшашумен аяқталды.

Осы Акцияның өтуіне демеуші болған достарымызға алғысымызды білдіреміз:

  • "Алихан Ермеков" ЖШС кітап үйі
  • "Деловая литература" ЖШС
  • "Книга для Вас" кітап дүкені – А.А. Цой ЖК.

Сонымен қатар, Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығына, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігіне, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрына, К.С. Станиславский атындағы орыс драма театрына, балалар мен жасөспірімдер Сарайына зор алғыс білдіреміз.

Кітапхана түнінің Акциясы барысында кітапхана жаңашылдыққа деген ұмтылысын көрсете отырып, жастар қауымының заманауи талаптарға деген сұранысын қанағаттандыра алатындығын дәлелдеп берді. Әлеуметтік орталық ретінде кітапхана мәртебесін көтеріп, кітап пен кітап оқуды дамыту мәселесін тағы бір назарға алды. Сондай-ақ кітапхана шаңырағы кез-келген жастағы оқырмандардың жиналатын қызықты ортасы екендігін көрсетті.