Егеменді еліміздің тірегі – білімді ұрпақ. Ал, ұрпақтың жеке тұлға ретінде дамуына себепші болатын қымбат дүние, баға жетпес байлық – кітап. Осы қазынаның қара шаңырағында 16 мамыр күні "Әдебиет – өмір айнасы" атты кітап фестивальі өтті. Шараға кітапты жан серігім деп санайтын көпшілік қауым жиналып, кітап оқудың мәртебесін бір көтеріп тастады.

Іс-шара қазақ әдебиетінің қос алыбы Ф.Оңғарсынова мен Ә.Балқыбекті еске алудан басталды.

Шараға Қазақстан Жазушылар Одағының Қарағанды облыстық филиалының директоры, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, қазақтың адуынды ақыны С. Ақсұңқарұлы, Қазақтың белгілі айтыскер ақыны, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Асанов, Республикалық "Абай" журналының бас редакторы, Алтайдың арқалы ақыны М. Оспанов, Шығыс Қазақстан облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының білікті мамандары, талантты  ақындар М.Асан, Ж.Әлиман, А.Мырзахмет, Р.Қабидолдин және "Жыр-Жауһар" поэзия клубының жас ақындары арнайы қонақ ретінде  қатысты.

Кештің көрігін жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары, ұстаздар, кітапханашылар мен қала тұрғындары кіргізді.

 Адуынды Серік Ақсұңқарұлы "Пушкинмен сырласу", "Ләйлә" сияқты отты жырларымен көпшілікті баурап алды. Сөз тізгінін алған кітапхана директоры Д.Аманжолова жиылған халықты аталмыш мерекемен құттықтап, өнегелі оқырмандарға арнайы алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарын тарту етті.

Кеш барысында талантты бишілер мың бұралып би билеп, күміс көмей әншілер нақышына келтіріп ән де шырқады. Өңіріміздегі ақын жазушылардың шығармашылығы, олардың жеткен жетістіктері жайлы баяндамалар оқылды. Қазақстан Жазушылар Одағы тарапынан жас ақын жазушылардың шығармашылығына көрсетілетін қолдаулар ортаға салынды. Қазақтың азулы ақын жазушылары болашақтағы шығармашылық жоспарлары жайлы сыр шертіп, шеберлік сыныбы ретінде қазақ әдебиетінің арқалық жас буын өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді.

Мерекелік кеште "Бір ел – бір кітап" акциясы бойынша қазақ қара сөзінің шебері Сайын Мұратбековтың "Жусан иісі", "Басында Үшқараның" атты кітаптарының жыл кітабы болып таңдалғаны дүйім жұртқа жарияланды. Р.Қабидолдин С.Мұратбековтың рухына бағышталған жырымен оқырманның көңілін бір серпілтіп тастады.

Қарағанды қаласы мен Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының 80 жылдық мерейтойларына сыйлық ретінде "Жыр-Жауһар" поэзия клубының жас ақындарын С.Ақсұңқарұлы өзі бастап кітапхана ауласына 15 гүл және 7 ағаш көшеттерін отырғызды. Жас көшеттер отырғызылған орынға "Жыр-Жауһар поэзия клубы атындағы аллея" - деген жазуы бар клуб төсбелгісі орнатылған тақтайша ілінді. Қарағанды аспанын дүрліктіріп жыр оқылды. Қара өлеңнің қағбасына айналып үлгерген Қарағандыда осы бастамадан кейін алып "Ақындар аллеясының" бой көтеруі де ғажап емес...

Кешке қатысқан қонақтарға "Қасым" журналының жаңа саны тарту етілді. Кеш соңында  жиылған студенттер мен оқушы жастар кеш қонақтарымен естелікке суретке түсіп көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Аталмыш шараның соңы "Гоголевкадағы Кітапхана түні" мерекесімен жалғасын тапты.

Жәлел Қуандықұлы