Құрметті кітап сүйер оқырман қауым!

Сіздерді "Бір ел - бір кітап" республикалық акция аясында таңдалған Сайын Мұратбековтің "Жусан иісі" повесінен ағылшын тіліне ҮЗДІК АУДАРМА жасау байқауына қатысуғашақырамыз.

Сайын Мұратбековтің "Жусан иісі" повесінің байқауға арналған қазақ тілі мен орыс тілдеріндегі үзіндісін біздің кітапханамыздың karlib.kz сайтынан табуға болады.

- Қарашы, жусанның иісі... – деп қойды. – Енді аяғымды ағам келгенде бір-ақ салғызам. Ағам қалаға апарып, ендігәрі шықпастай етіп салғызады, әлі...

Ол тәтті ойға шомған күйде, ағасы келген соң не істеп, не қоятынын тегіс тізбелеп айтып шықты. Оның сөзіне қарап мен ағасының жуықтағы күндердің бірінде қайтатынына титтей де шәк келтіргем жоқ.

- Сағындым  ағамды, - деді ақырын күрсініп.

Мен жұмысыма кеттім. Күні бойы өгіз үстіндегі жалғыз тілеуім: "Шіркін-ай, Аянның ағасы тезірек қайтса екен", - деу болды.

Аян барақта төрт күн жатып қалды. Тек бесінші күні кешкісін ғана тұқым тартқан арбамен ауылға жібердік. Осыдан кейін Аян тобығын қайтып орнына салдырған жоқ. Сол аяғы көлденеңінен сүйрете басып жүретін боды... Қу соғыстың бесікте білеміз шықпай жатқанда - ақ біздің жүрегімізге салған жарасы қаншама еді. Сол жараның тыртығы өмір бойы удай сыздап, жанға батып өтер -ау. Еш уақыт ұмытылмас. Асыр салар балғын шағымызда тағдыр біздің қабырғамызға да бар зілін салды ғой. Сонда да болса басқамыздан гөрі Аянға қатты батып еді. Тағдыр оған дегенде ештеңесін аямады.

Үлкендер "жау шегінді" десіп, күн сайын бір қуанышты хабар айтып жүрді. Мұның өзі біз үшін "ертең соғыс бітеді" дегенмен бірдей еді. Әскерден біртіндеп ер-азаматтар қайта бастады. Бәрі жаралы боп қайтқандар: бірі қолынан, бірі аяғынан, бірі қабырғасынан, бірі көзінен айырылғандар.

Бірақ сөйтіп жарымжан боп қайтса да олардың әрқайсысының келуі ауыл үшін мереке еді. Солардың бірде-бірі Тұржанға ұсап: "қан көріп қайттым, қаным бұзылды" деп есірген жоқ.

...Қаралы қағаздар да келіп жатты.

Жаз ортасы. Аңызақ жел ұйтқи соққан ыстық күннің бірінде біздің ауылға тағы бір қаралы қағаз келді. Бұл жолғы қаралы қағаз ешкімнің үйінен зарлы жоқтау айтатын дауыс шығарған жоқ. Бұл жолғы қаралы қағаз, көшеде ойнап жүрген балалардың ең соңында, белі бос штанының айын бір қолымен көтере ұстап, сол аяғын көлденеңінен сүйрете солтақтай жүгірген күйде: "Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге кешегіден де қызық ертегі айтамын", - деп жалына дауыстай жүгірген Аянға келген еді. Ол үнсіз қабылдады. Қаралы қағазды ұзақ отырып екі-үш қайтара ежіктеп оқыды да, төрт бүктеп ышқыр қалтасына тықты. Онан соң ойнап жүрген балалардың жанына кеп, әдетінше алыс-жұлысты сырттай қарап қызықтап тұрды. Тек балалар уйді - уйіне тараған кезде, ол ауылдың шетіндегі ат қораға барып кірді. Соңынан мен де бардым.

Сарысу іркілген ат қораның іші тұншығардай қапас, тымырсық еді. Тастай қараңғы. Төбесіне ұя салған торғайлардың, олардың шырылдаған қызыл шақа балапандарының үні құлақты тұндырады. Құжынаған шыбындардың ызыңы бір басқа. Қараңғылыққа көзім үйренгенше  есік алдында тұрдым да, онан соң қабырғаны жағалап түкпірге қарай жүре бастадым. Аяқ асты сазданып басқан сайын шұр-шұр етеді. Түкпірге де жеттім. Аян қараңғы бұрышта бір уыс боп үрісіп, екі алақанымен бетін басып солқылдап жылап отыр екен. Ұзақ жылады. Онан соң көзін сүртті де қорадан шықты. Сыртқа шыққан соң көрдім, көзі қып-қызыл боп кетіпті. Маған қарады да өз-өзінен жымиып күлді.

Аудармалар 2014 жылдың 30 сәуіріне дейін Н.В. Гоголь атындағы ОӘҒК-дағы Американдық бұрышында қабылданады.

Байқау нәтижелері 2014 жылдың 15 мамырда кітапханамыздың karlib.kz сайтында белгілі болады.

Бірінші орындар үшін сертификаттар Н.В. Гоголь атындағы ОӘҒК-сы мен Американдық бұрыштың атынан беріледі.

Сайыстың ұйымдастырылуына жауапты

Н.В. Гоголь атындағы ОӘҒК-дағы

Американдық бұрышының үйлестірушісі Баймурзина Ш.С.

Байланыс телефоны: 8(7212) 493 375

e-mail: Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.