Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қарағанды қаласының 80 жылдық мерейтойына орай ақпан айының 27 жұлдызында "Туған қаламыздың рәміздері" атты шығармашылық кездесу кеші өтті.

Ұйымдастырылған кештің мақсаты – Қарағанды қаласының өнері мен мәдениетіне сүбелі үлес қосып жүрген өнер майталмандарының жетістіктері туралы ақпарат беру, туған қаламыздың мәдениетін насихаттау.

Кештің қызықты да танымды өтуіне қаламыздың мәдениеті мен өнерінің дамуына үлестерін қосқан өнер майталмандары ықпал етті. ҚР сәулетшілер одағының мүшесі, ҚР құрметті сәулетшісі Лебедев Сергей мен суретші Олег Дроздов қаламыздағы әсем ғимараттардың бой көтеруіне үлес қосқан құрылысшылардың, сәулетшілер мен суретшілердің атқарған толымды істері туралы әңгімеледі. Ал қаламыздың рәміздеріне айналған қала экспонаттары, мәдениет және өнер саласындағы өзгерістері туралы өлкетану және бейнелеу мұражайының қызметкерлері - Шашенов Дархан, Жағыпар Гульден мен Черкаева Снежана әңгіме өрбітті.

Қала тұрғындарының сүйікті әніне айналған "Қарағанды" әнінің авторы Төлеубай Бекішевтің шығармашылығы туралы жазушы  Сүйіндік Жанысбай әңгімелеп, осы әнді №81 орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Б.М. Манапов шәкірттерімен бірге орындап, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Ал ән авторының ағасы, қаламыздың Құрметті шахтері, "Құрмет белгісі" орденінің иегері Төлеген Бекішев кешімізге арнайы келіп, өткен күнге шолу жасады.

Шара барысында кітапханадағы "Жыр-Жауһар" клубының жетекшісі Жәлел Шалқаров пенжас ақын Ерқанат Кеңесбеков сүйікті қаламыз Қарағандыға өз арнауларын сыйға тарту етті.

Қарағанды қаласының 80 жылдық мерейтойына арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесі, оның ажарын аша түскен ерекше афишалар мен фото суреттер, құнды құжаттар мен тарихи көріністер көпшілік назарын өзіне аударып, өткеннен сыр беріп тұрды.

 Гүлдене бер, Қарағанды.