Қасиетті Қарқаралы даласы қашанда қаламы қарымды, айтары арынды алып тұлғалардың  тал бесігіне айналған киелі мекен. Сонау басы "Қаз дауысты Қазыбектен" басталып бүгінге дейін сөз құдіретін ұлықтауда ұлан қырат. Осынау  құрсағы  алтын  атыраптан "Алаш" -  биігіне көтеріп жүрген кемеңгер ақын Тұрсын Жұмаш та 1959 жыл, 9-маусымда  берекелі орданың  Балқантау  деген жерінде дүниеге келген.

Елден ерек еншілеп атап отыруымызға себеп бар. Жақында "Қырандар ғана ұшатын биік бар"  атты  Тұрсын Жұмаш атындағы  тұңғыш жыр мүшәйрасы өтпек шаһарымызда. Тарихтың соқпақ жолдарында ұмыт болып бара жатқан ақын есімін ұлықтамақ бастамаға Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың жанынан құрылған "Жыр-Жауһар" поэзия клубы да себін тигізуге асықты.

"Қырандар ғана ұшатын биіктікте" жүрген ақын өмірімен жете таныс болу мақсатында аталған поэзия клубының бір топ мүшелері Балқантауға (ақынның туған жері) жол алдық.

Күн ұясына батар шақта Балқантаудың етегінде орналасқан  Егіндібұлақ ауылына тоқтадық. Ақынның туған ауылы бұл жер. Ентігімізді басып, таң атқанша досымыздың үйіне  атымызды байладық.

Таңмен жарыса тұрып, арнайы сапарымыздың басты мақсатын жүзеге асыруды бастадық. Алдымен  Тұрсын  ақынның әпкесінің үйіне келдік. Жүзі жайдарлы туған әпкесі - Клара Жұмашова күтіп алды. Сәлемдесіп алған соң, ақын зиратының басына барып,  дұға бағыштап қайттық.

Үйге оралып әпкеміз біраз естеліктерімен бөлісті. Тұрсын Жұмаш ақынның әлі жарияланбаған туындыларын ұсынды бізге. Фото суреттерінің көшірмесін де еншіледік.                                                                       

Қарқаралының топырағында дүниеге келген қазақтың біртуар ақынының зиратына салған бір уыс топырағымыз болды бұл сапар. Балқантаудың ең биік шыңына шығып,  Балқантаудың  ешбір әдеби ортаға  айырбастауға болмайтын құдіретке  ие  екендігіне көз жеткізгендей болдық. Бір аунап түскен болар марқұм ақын ағам. Дегенімізге жетіп, өшпес естеліктермен кері қайттық.                                                    

Тұрсын ағамыз өзінің өлмейтін мәңгі жырларымен қазақ поэзиясында ойып тұрып алар орны бар екендігін дәлелдеген ақын. Бұлай деуімізге себебі кезінде қазақтың белгілі ақындары С.Ақсұңқарұлы, Е.Раушановтардың тарапынан Тұрсын Жұмаш шығармашылығы жоғары бағаланған болатын. Осы сөзімізге тұздық ретінде аяулы ақын ағамыздың "Көз жасы" атты классикалық туындысын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Көз жасы

Қырандар ғана ұшатын биік бар,

Қарғалар ұшады төменде.

Таңдайда -  шөл, кеудемде - күйік бар

Әйтпесе нем бар өлеңде?

 Тауға да, тасқа соқтым басымды,

Өмірден таппай тиянақ.

Құдайым, өрге  домалат  тасымды,

Жасатпа маған қиянат...

 Асылын ойлап Алаштың өткен,

Ойымды жылдар қашты алып,

Сен маған бұрылып қарашы, көктем,

Көзімнен кетті жас тамып...

                                                                                              Жәлел Шалқар.