Желтоқсан айының 9-жұлдызында «Күлтегін» республикалық әдеби-тарихи танымдық, этнографиялық (РӘТТЭ) және өнер бірлестігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы Орталық Азия университетінде республикалық «Дәстүр», «Тұран» баспаларынан «Дала Дарыны» атты сериямен жарық көрген Қазақстанның барлық облыстары мен Астана, Алматы қалаларында тұратын жас ақындардың 15 жыр кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Жиынды Орталық Азия университетінің ректоры Сайлау Қасабеков мырза сөз сөйлеп ашып берді. Ал «Күлтегін» РӘТТЭ және өнер бірлестігінің төрағасы, «Дәстүр» баспасының директоры, ақын Қасымхан Бегманов «Дала Дарыны» сериясының қалай қолға алынғанына егжей-тегжейлі тоқталып өтті.
Ең қуаныштысы, аталмыш бастама барысында отты он бес кітаптың біреуі Қарағанды облысының жас ақындарының жалынды жырларынан құралған «Сарыарқа сазы» атты жыр жинағы. Өлеңнің өр отын алаулатқан өлең кітабына қазақтың адуынды ақыны, жазушылар одағының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Серік Ақсұңқарұлы алғы сөзін жазып, батасын берген. Жинаққа Қарағанды облысының талантты деген он бір ақыны еніп отыр.
Олар: Мирас Асан, Еркебұлан Елеусізұлы, Жәлел Шалқар, Нұрдос Кәрім, Әсет Аманжолов, Салтанат Қайырбек, Кәмшат Хасен, Назерке Түсіпбекова, Жадыра Байбұланова, Айзада Рақымжанова, Ерболат Қуатбек, Жәнібек Әлиман. Басым бөлігі Қарағанды облыстық Н.В Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың жанынан құрылған «Жыр-Жауһар» поэзия клубының мүшелері. Біз үшін бұл үлкен жеңіс.
Жалынды жыр жинағының ашылуына Алматыға арнайы ат басын бұрып Арқадан ақындар нөпірі аттанған болатын. Алматыдағы өнер сүйер жастар мен студенттердің қатысуымен өткен бұл басқосуда кейінгі буын жас ақындар, атап айтсақ, Шерхан Талап, Жақсылық Қазымұратов, Данияр Әлімқұл, Наурызбек Саршаев, Нұрдос Кәрім, Ерболат Қуатбек және Жалел Шалқар өз өлеңдерін оқыды.
«Тұран» баспасының директоры, ақын Қазыбек Иса және филология ғылымдарының докторы Гаухар Балтабаева, тағы да басқа айтулы азаматтар жинаққа өлеңдері енген жас ақындарға шығармашылық табыс, сәт-сапар тілеп, өздерінің ізгі тілек-ниеттерімен бөлісті.
Өзінің ерекше лебізімен бөліскен Қазыбек Иса өз сөзінде Қарағанды жас ақындарының қазақ поэзиясында ерекше қарқынмен келе жатқанын айтып, болашақтан көп үміт күттіретін бір-біріне ұқсамайтын дара таланттар өсіп келе жатқанын атап өтті.
Кеш соңында белгілі ақын ағамыз, «Дәстүр» баспасының директоры Қасымхан Бегманов – осындай келелі істен кейін жас ақындардың шабыт алып жаза түсері сөзсіз деді. Сондай-ақ болашақта осы жинаққа енген жас ақындардың киелі поэзия жолындағы басқан қадамдарын бақылап, ағалық қамқорлық көрсетіп отыратындығын арнайы атап айтты.
Республиканың түкпір-түкпірінен келген талантты жас ақындар, жаңа жыр жинақтарын құшақтап, қуаныштары қойындарына симай өз өңірлеріне аттанып кетті.
Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұжымы барлық ақындарды құттықтай отырып, шығармашылық шабыт тілеп, тың еңбектер мен жалынды жырлардың асқақтауын тілейді.
Жәлел Шалқар