Сұлтанмахмұт пен Мағжан қазақ поэзиясына өзіндік жеке болмыс бітімімен келген хас таланттар.
Заманның қиын-қыстау кезеңінде поэзия керуеніне келіп қосылған қос ақынды халықтың көзін ашып қараңғылықтан алып шығу, ұлтқа ұйытқы болу, Абай негізін қалаған қазақ жазба әдебиетін жаңа сатыларға көтеру сынды күрделі мәселелер күтіп тұрды.
Мағжан Жұмабаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыров өздерінің санаулы ғұмырында қазақ поэзиясына құрылымдық, жанрлық өзгерістер енгізумен қатар, ұлт мүддесін ту етіп, арттарында ұшан-теңіз мұра қалдырған болатын.
Осы орайда, қос жұлдыздың шығармашылығын насихаттау, қазақ поэзиясындағы орнын айшықтай түсу мақсатымен 2013 жылдың 31 қазан күні облыстық Н.В.Гоголь атындағы кітапхананың жанынан құрылған "Жыр-Жауһар" поэзия клубының бастамасымен алғашқы рет ток-шоу өтті. Қазақ поэзиясының қос жұлдызының 120 жылдығына орай өткен айтулы шара "Сұлтанмахмұт пен Мағжанның биіктік феномені" тақырыбы төңірегінде қызу пікірталас туғызды. Тарқата айтсақ...
Ток-шоуды "Жыр-Жауһар" поэзия клубына жетекшілік етіп жүрген ақын Жәлел Шалқаров тізгінге алып, шымылдығын ашты. Кеш үшін арнайы әзірленген видеотаспада "Бүгінгі қоғам Мағжан мен Сұлтанмахмұтты өз деңгейінде біле ме?" сауалнамасындағы өзге ұлт өкілдерінің Мағжан мен Сұлтанмахмұтты танымауынан Алаштың Арқалы ақыны Серік Ақсұңқарұлының арқасы қозып:
Өзге ұлттың Ұлы тұлғаларымызды танымауы – бізге емес, олар үшін ұятты жағдай. Демек, олардың өресі өз деревняларынан аса алмайды деген сөз. Абай Пушкиннің "Евгений Онегинін" аударғанда тіпті Пушкиннің өзінен асып түскен. Ал орыстар әлі де Абайды аудара алмай жатыр және де аудара алмайды да -
деп кесіп айтты.
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Қ.С. Өскембаев болса қос ақынның өмір сүрген кезеңіндегі саяси жағдайларға тоқталып, олардың ұлт санасындағы жарқын бейнелерін жаңаша жаңғыртты. Осы тұста "Болашақ" колледжінің студенттері тарапынан сұрақтар қойылып, сарапшы Сағымбай Ботпайұлы айтылған пікірлерді сүзгіден өткізіп, сараптама жасап отырды.
Кештің келесі бөлімінде адуынды ақын Серік Ақсұңқарұлы бейне-сұхбатында Абайдан кейін Мағжан, Сұлтанмахмұт, Ілияс және Қасым екендігін атап айтты. Жас алаштанушы Дулат Аманжол болса "Поэзияны рейтингтік көзқараспен қарау қате" - деп кері пікір білдірді. Серік Ақсұңқарұлы өз кезегінде "Қазақ поэзиясында Абайға дейінгі, Абайдан кейінгі" деген түсінік болу керектігін баса айтты. Осы арада №92 гимназияның, №61 мектептің 9-сынып оқушылары көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптар алып жатты.
Үшінші бөлімде жас ақын, журналист Аян Мейраштың Сұлтанмахмұт пен Мағжанның ақындығы мен қазақ баспасөзіне сіңірген ерен еңбегі жайлы сұхбат көрсетілді. Ал ф.ғ.д., профессор Сағымбай Ботпайұлы нақты әрі дәлелді пікірімен толықтырды. Осы тұста Қарағанды гуманитарлық колледжі студенттері тарапынан қойылған "Алаш зиялылары мен қазіргі зиялы қауымның ұлтқа деген махаббатының артық-кемшілігі неде?" деген сұраққа Халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері Абзал Бөкен "Алашордашылар қиын-қыстау кезеңде өмір сүрсе де ұлтқа деген махаббатын өз істерімен дәлелдеп отырды. Ал біз тәуелсіз заманда өмір сүрсек те ұлт жайына келгенде қауқарсызбыз. Себебі, үкіметтің мәдениет пен әдебиетке немқұрайлы қарауынан" - деп жауап берді.
Соңғы бөлімде қос ақынның сөзіне жазылған әндер туралы нарманбеттанушы Амангелді Орынбайұлының сұхбаты көрермен назарына ұсынылды. Кеш Мағжан Жұмабаевтың "Туған жер" өлеңіне жазылған Құрмет Сақайдың әнімен мәресіне жетті.
Шара барысында №92 гимназияның, №61 мектептің оқушылары көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптар алып жатты. Жеткіншектердің қазақ әдебиетіне деген қызығушылықтары мен білімдері, әрине қуантып, осындай шаралардың маңыздылығы мен қажеттілігін тағы бір дәлелдегендей.
Кеш соңында кітапхана директоры Дина Базарбайқызы келген қонақтарға ілтипатын білдіріп, естелік сыйлықтарын тапсырды.
Видео:
http://www.youtube.com/watch?v=_-MJK6ChjFo