Қазақ халқының жаңа замандағы әдебиетінің негізін салушылардың бірі, дүниежүзі әдебиетінің классигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 115 жыл толуына орай ҚР Ұлттық кітапханасы «Мұхтар Әуезовті оқимыз» атты халықаралық акция жариялаған болатын.

Осы акция аясында Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Әлемге әйгілі Әуезов» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге жазушының қазақ, орыс және шет тілдерінде шыққан әдеби мұрасы, сонымен қатар, Әуезовтану мәселесімен айналысып жүрген ғалымдар мен зерттеушілердің құнды еңбектері де қойылды.

15 тамыз күні қазақ халқының ғасырға жуық өмірінің рухани шежіресін жазған, ұлт келбетін бар шындық айшықтарымен көрсете алған ірі тұлғаның асыл мұрасы жайлы «Әлемге әйгілі Әуезов» атты әңгіме осы кітап көрмесі жанында өрбіді. ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі «Абай жолы» эпопеясы арқылы төрткүл дүниеге Абайды танытып, Абай арқылы қазақ елін танытқан ғұлама жазушының өз кезіндегіден де маңызы арта түскен драмалық шығармалары да әңгіме желісіне арқау болды.