30 маусым күні "Астананың 15 жылдығына - 15 ізгі іс" акциясының шеңберінде кітапханада "Ел жүрегі Астана" - атты кітап көрмесінің тұсаукесері өтті.
"21 ғасыр астанасы", "Ел оқиғалары", "Астана рәміздері", "Астана – мәдени елорда" бөлімдерінен тұратын кітап көрмесі ғасырлар тоғысында дүниеге келген жаңа Астананың ежелгі заманнан қазіргі уақытқа дейінгі даму тарихы жайлы сыр шертеді. Келушілер назарына ел өміріне өзгеріс әкелген елеулі оқиғалар мен көрікті шаһар Астана қаласының ғасыр талабына сай бой көтерген тарихи, мәдени, саяси мәні маңызды небір сәулет туындылары мен зәулім ғимараттары жайлы жазылған анықтамалықтар, энциклопедиялар, фотоальбомдар, мерзімді баспа басылымдары және электронды CD-ROM-дар ұсынылды. Егеменді елдің еңселі орталығының бастауы болған тарихи құжаттар жайлы айтылып, тарих еншісіне кеткен жылдар тізбегіне көз жүгіртілді. 19 ғасырдың өзінде аса маңызды сауда және экономика орталығына айналған Ақмола қаласы бүгінде – Тәуелсіз Қазақстанның Астанасы ретінде әлемдік деңгейдегі келелі мәселелерге қатысты үн қатысып, тілдесетін мәртебелі орынға айналды. Еліміз халықаралық ауқымда айтулы табыстарға жетті. Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен нығайту жөніндегі бірқатар жаһандық жобалардың бастамашысы әрі белсенді қатысушысы болған Астана еліміздің экономикалық және саяси жаңғыруының орталығы ғана емес, халқымыздың мәдени өмірінің де орталығы. Елордадағы мәдениет ошақтары жайлы құнды деректер де осы көрмеде топтастырылған.
Әр қазақстандықтың жүрегінде қуаныш сезімін ұялатып, мақтаныш сезімін оятатын бас қала - Астананың жетістіктері барша халқымыздың жетістіктері.