2013 жылдың 22-ші ақпан күні кітапханамызда ерекше кездесу өтті. Мәдениет ошағына АҚШ Елшілігінің мәдениет атташесінің міндетін атқарушы Дрю Н. Петерсон мен елімізге арнайы шақырылған танымал АҚШ хореографтары Пол Эмерсон мен Тара Комптон ат басын тіреді.
Былтырғы жылы "Бір ел –бір кітап" акциясы бойынша таңдалған О. Бөкейдің "Қайдасың, қасқа құлыным" атты шығармасын ағылшын тіліне үздік аудару сайысы жарияланған болатын. Осыған орай, кездесу Дрю Петерсонның осы сайыста ең үздік аударма жеңімпаздарын марапаттаумен басталды. Қарағандыдан барлығы 15 жұмыс жіберіліп, алдыңғы қатарға "Болашақ" университетінің студенттері суырылып шығып жеңіске жетті. Қарағанды жастарының әруақытта белсенділік танытып, жаңашылдықтарға үйір екенін өз сөзінде атап өткен атташе, арамыздағы қарым-қатынастың жалғаса беретініне сенім білдірді.
Осы күні жиналған қала жастары тікелей сұхбатпен қоса, би майталмандарымен бірге сахнаға шығып би өнерінің қырларын ашты. Ерекше қимылдар арқылы адамның жан дүниесін, сезімін көрсететін би өнер сүйер қауымды бей-жай қалдырмады.
"Компани И" бишілері қазіргі заманғы би жайлы әңгімелеп, қимыл-қозғалыстарын көрсетіп, ойын арқылы көрермендерді де үйретуге тырысты. Осы күнгі кездесуге жиналған қауым ерекше әсермен тарасты. Ал кітапхана өз ризалығымен қатар, осы кездесу алдағы кездесулердің бастамасы ғана екеніне үміт білдіріп, "Сарыарқаның мәдениеті және өнері" атты кітаптар мен кәдесыйлар ұсынды.
Кездесуден естелік қалдыру мақсатымен қала жастары қонақтармен бірге суретке түсіп, қолтаңбаларын алды.