2013 жылы 26 ақпанда жазушы, өлкетанушы, С.Сейфуллин атындағы сыйлықтың иегері Кәмел Жүністегінің "Едіге" атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Бұл кітап "Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару" республикалық бюджеттік бағдарламасы аясында жарық көрген.

Өлкелік жаңа кітаппен таныстыру және автор мен оқырман арасында қарым-қатынасты орнату мақсатында ұйымдастырылған "Тарихқа табындырған тұлға" атты кездесу кешіне автормен қатар, жазушы Т.Әлжантегі, журналистер С.Жанысбай, Н.Қанафин, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің ғалымдары атсалыса қатысты.

Өлке тарихын зерттеп, насихаттауда елеулі еңбек етіп келе жатқан қаламгермен өткен кездесу жас ақын, "Шабыт" фестивалінің лауреаты, "Жыр жауһар" поэзия клубының белді мүшесі Е.Кеңесбековтің тартымды жүргізуімен қызықты өтті.

Кездесу барысында автор аңыз-әңгімелер, әр елде сақталған дастандар, архив құжаттары мен зерттеулердің нәтижесінде туған көркем шығарма жайында сөз қозғады. Кездесуге қатысқан Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Болашақ Университетінің, Қарағанды қаласындағы колледждердің студенттері, мұғалімдер мен оқушылар Едіге жайлы мол мағлұмат алып, түркі әлемінің тұтас бір дәуірінің тыныс-тірлігі жөнінде әңгімеге қанықты. Танымал өлкетанушы оқырман қауымды Шортанбай жырау, Диа қажы, Қақпан ақын, Төлеубек, Хасен, Жәкен, Тәшен, Маясар, Түсетай, Сәрінжіп, Оқа ақындар жайлы зерттеуімен таныстырып, ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты жастар санасына сіңіріп, имандылыққа, адамгершілікке шақырды.

Рухани мұрамен сусындағысы келген, автор шығармашылығына қызығушылық танытқан кітапқұмар қауым кездесуге ағылып келіп жатты.

Тұсаукесерге қатысқан оқырмандар авторға шығарма төңірегінде сұрақтар қойып, тарих жайлы әңгіме өрбітті. Бүгінгі күнгі жастардың тарихқа үлкен қызығушылық білдіретіні қойылған сұрақтардан анық көрінді. Автор оқырмандардың өз кітабына деген сұраныс пен қызығушылықтың үлкен екенін көріп, толқып ризашылығын білдірді. Ең тартымды, ойлы қойылған сұрақтардың авторларына естелік қолтаңбасын қойып, кітаптар ұсынды.

Кітапқұмар қауымға берері мол қызықты кездесуді басқа да білім мекемелері өткізгісі келетіндіктерін білдіріп, авторды кездесуге шақырды. Осындай кездесулер жалғасын табады деген сенімдеміз.

Тартымды кездесу БАҚ жарияланып, жергілікті баспасөз бетінде насихатталады.

Жанысбай, С. "Едіге" оқырманға жол тартты: әдебиет әлемінде / С. Жанысбай // Взгляд на события. - 2013. - 6 марта. - 19 б.