Биыл шыққанына 100 жыл толған «Қазақ» газеті 1913 жылғы ақпаннан 1918 жылғы қыркүйекке дейін шығып тұрды. Алғаш жарық көрген күннен бастап «Қазақ» газеті қазақ даласының қоғамдық-саяси және мәдени өміріне бес жылдан ұзақ қызмет етті. Жаңа дәуірдің шежіресіндей мәні бар газеттің редакторы Ахмет Байтұрсынов болды. Сол кездегі зиялы қауым өкілдері М. Дулатұлы, Ә . Бөкейханов, М. Тынышбаев, Ш. Құдайбердиев, Ж. Аймауытов, Б. Майлин сынды тұлғалар газет бетінде қалам тербеді.
Дала және Түркістан уәлаяттарына немесе 9 облыс және 1 губернияға бөлінген Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жұрт «Қазақ» газетін жаздырып алдырды. Өз тұсында ең көп таралған, оқырманына жақын болған «Қазақ» замана ағымын айнытпай танып, XX ғасырдың басындағы Алаштың көгіне күн болмаққа ұмтылған ұлылардың тұрақты мінберіне айналып, байтақ даладағы қалың елдің қоғамдық санасын оятып, қалыптастыруда маңызы зор болды.