"Жыр – Жауһар" поэзия клубының ұйымдастыруымен наурыздың 18 жұлдызы Наурыз мейрамына арналған "Ұлттық дәстүр ұлағаты" атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Құс қанатымен бірге келетін Наурыз мейрамын қашанда жақсы істің ортасынан табылатын "Жыр-Жауһар" поэзия клубы мейірім мен шапағат мерекесін әдеттегідей бар сән-салтанатымен бастады.

 

Кеш шымылдығын, қызғалдақтай құлпырған Жалғасова Майраның орындауындағы "Ақбаян" әнімен ашса, наурыздың ақша қарындай үлбіреген Айдана Төлеутай мен Эльмира Иманбаева "Тойға тілек" әнімен кешімізді әрлендіре түсті. "Жыр - Жауһар" поэзия клубының ақындары Мирас Асан, Рауан Қабидолдин, Алмаз Мырзахмет, Еркебұлан Елеусізұлы, Ерболат Қуатбек, Өміртай Еділхан, Мақсат Серіков, Еламан Әшім тағы өнерлі өрендер көрермендерді өлеңдерімен сусындатты. Жұбанова Айдана "қазақ биімен" дүйім жұрттың тамырын бүлкілдетті.

"Жыр – Жауһар" поэзия клубының белсенді жастары актерлік қырымен де ашылып, қазақтың салт-дәстүрі "Беташарды" ұлттық деңгейде көрсете алды.Тамаша думаннан соң ұлттық ойындар басталды. Қайраты мен күші, ақылы мен ебі келер ер жігіттер додаға түсті. Жалпы есепте, "күш сынасу" мен "кір тасын көтеруден" Өміртай ақын батырымыз жеңістің тұғырына көтерілді. "Күш атасын танымас" деген осы.Кеш соңында қонақтар мен қатысушылар наурыз көжеден дәм татып, ән – думанның бесігіне бөленіп кете барды.


Ұлу жылы – ұлық жылы болсын тек,
Дастарханға аппақ ырыс толсын көп.
Барша қауым ниет етер жүрекпен,
Қазағыма бақыт құсы қонсын деп.... Ұлыс оң болсын ағайын!