2012 жылдың ақпан айының 19-ы күні Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының жанынан құрылған "Жыр-Жауһар" поэзия клубының "Әні мен сәні жарасқан – ұлу жылы" атты отырысы өтті. Отырыс шымылдығын жақында "Соңғы раушан" атты алғашқы кітабы жарық көрген, клубтың өрен алды мүшесі, лириканың сұлтаны Мирас Асан ашты.

Мирастың "Элиза" деген өлеңінде Еуропа мен дала өнерін шендестіру арқылы қазақы құндылықты жоғары қояды. Құйқылжытып, ерекше нақышпен тебіреніп өлеңдерінен үзінді оқыған Мирасқа көрермен қолқа салып, жұп болсын сұрады. Одан соң "Айседораны" оқыды. Айседора – Есениннің музасы болатын. Зал бір тебіреніп қалды. Алмаз Мырзахметов сиясы кеппеген жаңа өлеңімен көрермендерді тәтті мұңға орап, жүрек қойнауынан орын алды. Алмаз алдыңғы жылы проза номинациясы бойынша "Шабыт" фестивалінің жүлделі 1 орын иегері болып келген еді.

Жалпы, "Жыр жауһар" клубы соңғы екі-үш жылдың ішінде көптеген үкілі қаламгерлерімізді қанаттандырып, әдеби ортасын кеңейтіп келеді, біраз табыстарға жетуде. Отырыстың барысында Ерболат Қуатбек өзінің тереңнен ой тастайтын "Су перісі" атты өлеңін оқыған еді. Қос ғашықтың қосылмай кетуін жаңа үлгіде көрсеткен сыңайы. Рас, су перісі мен адам қосыла алмайды."Үлкен шаһарымызға" (клубымызға) жаңа іні буындар қосылып, өз өлеңдерін оқыды. Отырыс соңында кітапхана директоры Дина Базарбайқызы клубтың алдағы мақсаттары жайлы сөз қозғады. Алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасының жанынан құрылған "Жан сусар" поэзия клубымен өтетін Астанадағы кездесу туралы жоспарлар құрылды. Көрермен тарқасып, далаға шыққанда, қар астынан бәйшешектің сәулесі саруар көктемнің хабаршысындай көкжиекке сіңіп кетті. Қар бетінде "Музаның" іздері жатты.