12 маусымда Қарқаралы қаласының 200-жылдық мерейтойы аясында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Қарқаралы ОКЖ базасында «Кітапханалық өлкетану мүмкіндіктер аумағы» атты облыстық семинар өткізді.

Семинар жұмысына облыстық кітапханалардың және орталықтандырылған кітапхана жүйелерінің басшылары мен жетекші мамандары қатысты.

Семинар қатысушылары мен қонақтары ән-шашумен қарсы алу рәсімінен кейін, кітапхана ғимаратының алаңында ұсынылған «Ата қоныс арқадағы шежірелі Қарқаралы» көрме-инсталяциясын тамашалады.

Семинардың модераторы Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды ОӘҒК басшысы А.С. Шаймұханбетова болды.

Отырысты құттықтау сөзбен Қарағанды облысының архивтер және құжаттама басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Қ.Т. Ашкеев және Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Д.С. Жиенбаев  ашты.

Кәсіби іс-шара «Кент баурайында 2» және «Қазақстан тарихындағы Қарқаралы архивы» кітаптарының авторлары С. Оспанов, М. Кәрім, С. Тоғанбековтардың қатысуымен тұсаукесер рәсімімен басталды. Сондай-ақ, Қарқаралы аудандық орталық кітапханасының мамандары қатысушылардың назарына «Қарқаралы – жер жәннаты арқадағы» өлкетану жобасының презентациясын және «Тарихы терең, рухы мықты - Қарқаралы» атты бейнеролик ұсынды.

Семинар жұмысына іс-тәжірибелерімен алмасу мақсатында Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы және облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы баяндама жасады.

Абай атындағы ОБК маманы К.Е. Болатбекова «Балалар кітапханасы және өлкетану» атты баяндамасында өлкетану жұмысы балалардың ой-өрісін дамытып, ізденімпаздық қасиетке, өз бетімен шығармашылық іске ұмтылуына әсер етері туралы бөліссе, ал облыстық арнайы кітапхананың басшысы Ғ.А. Нұрланов пен тифлология және ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Р.О. Буланбекова «Зағип және нашар көретін азаматтарға инклюзивті қызмет көрсету» баяндамасында зағип және нашар көретін адамдарға қоршаған әлемге бейімделуге көмектесетін инновациялық оқу құралдары, мүгедектігі бар жандарды оңалтуда жүргізілетін жұмыстар жайлы ақпарат берді.

Сонымен қатар, аймағымыздың әр өңірінен келген әріптестеріміздің өзара тәжірибе алмасу мақсатында «Оқуды ілгерілетудің заманауи тәжірибелері мен технологиялары» шығармашылық шеберханасы ұйымдастырылды. Б. Ысқақов атын. Нұра аудандық орталық кітапханасының кітапханаларды дамыту секторының әдіскері К.А. Конурова, Бұқар жырау атын. Шахтинск қаласының орталық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі С.Т. Малмакова, Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Б.Қ. Мухаметжанова «Атаулы кітапханалардың брендингі: жұмыс тәжірибесінен» атты баяндамаларын ұсынды. Әріптестер өз кітапханаларында жасалып жатқан жұмыстары негізінде аймақтық брендинг жайлы сөз қозғады.

Отырыс барысында 3 секция жұмысы ұйымдастырылды: Қарқаралы ОКЖ-нің Қарағайлы ауылдық кітапханашысы Қ.К. Искакова«Ертекші» қуыршақ үйірмесінің жұмысын жүргізу бойынша шеберлік сағатын, ОӘҒК кітапхана мамандары А.А. Аманжолова «Кітапхана өміріндегі жағдай» тренинг-ойынын, Е.А. Абрамчук«Өлкетану - Digital» практикалық жұмысын өткізді. Секция жұмысы барысында қатысушылар негізгі кәсіби сұрақтарды қарастырып, жұмыс жүргізу ерекшеліктері бойынша пікір-талас, сұрақ-жауаппен алмасты.

Қатысушылардың тарапынан әсіресе қызығушылық тудырған Шет ауданының ОКЖ қызметкерлері Б. Сокпакбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесі желісі бойынша тамаша театрландырылған көрінісі болды.

Семинар соңында кітапхана мамандары «Ашық микрофон» аясында «2023-2025 жж. Қарағанды облысының кітапханаларын жаңғырту» Жол картасының орындалуы туралы сұрақтарды қарастырып, талқылады.

Қатысушылар осындай жоғары деңгейдегі кəсіби бағдар берудің маңыздылығын алға тартып, ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді.