Бүгін Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында көрнекті қазақ жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қарағанды қаласының колледж студенттері арасында «Балалар әдебиетінің классигі» атты әдеби ринг ойыны өтті.

Шараның мақсаты-қазақ әдебиетін насихаттау, қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге мүмкіндік туғызу, өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуы мен ана тіліне деген құрметін көтеру. Ұлттық әдебиеттің үздік шығармаларын оқу арқылы кітап оқуға баулу.

Ойынға 5 команда қатысып, өзара бәсекеге түсті. Олар Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің «Жалын» тобы, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің «Алау» тобы, Қарағанды «Bolashaq» жоғары колледжінің «16 жасар чемпиондар» тобы, Қарағанды машина жасау колледжінің  «Сұңқар», Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің «Кітап патшалығы» тобы.

Төрт кезең бойынша өз білімдерін сынаған топтар «Жазушы келбеті» кезеңінде Б.Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы тест тапсырмаларын орындаса, «Көркем шығарма ізімен» кезеңінде «Менің атым Қожа» шығарма желісі бойынша қатысушылар таблода берілген  ұяшықтарды таңдау арқылы сұрақтарға жауап берді, «Балалық шаққа саяхат» кезеңінде балалық шағында басынан кешкендерін Бектас бейнесі арқылы шебер суреттеген өмірбаяндық туындысынан көрініс қойды.

Әдеби рингке тыңғылықты дайындалып келген қатысушылар ойынға белсене қатысып, өздерінің білім деңгейі мен ұшқырлығын, тапқырлығын көрсетті.

Ойынға қатысушылардың білімі мен біліктілігін Қарағанды университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының докторанты Қайырбекова Аида Құрманғазықызы; С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының әртісі Садықов Талғат Амангелдіұлы, Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы басшысының орынбасары Қалиева Қалқатай Мағиқызы бағалап, осы сайыс жайлы  өз пікірлерін ортаға салып, ой бөлісті.

Сайысқа тыңғылықты дайындалып келген қатысушылар ойынға белсене қатысып, өздерінің білім деңгейі мен ұшқырлығын, тапқырлығын көрсетті.

Қызу ойынға қатысып, жеңіс тұғырына көтерілген жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып оза шапқан топтар анықталды:

  • 1 орынға Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің «Жалын» тобы;
  • 2 орынға Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің «Алау» тобы;
  • 3 орынға Қарағанды «Bolashaq» жоғары колледжінің «16 жасар чемпиондар»  тобы иеленді.

Сонымен қатар Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің «Кітап патшалығы» тобы мен Қарағанды машина жасау колледжінің «Сұңқар» тобы алғыс хаттармен марапатталып, ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Болашақтың кілті, елдің ертеңі - білімді жастар. Алар асуларыңыз бен, жетер жетістіктеріңіз көп болсын демекпіз.