Бүгінде бір елді ғана емес, әлемді жайлаған есірткі мәселесі өршіп тұр. Оған қарсы күрес жүргізу үшін дүниежүзі мемлекеттері аянып қалып жатқан жоқ. Соның ішінде Қазақстан да есірткіге қарсы күресте мемлекеттік саясат жүргізіп, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің бағдарламасын іске асыруда.

26 маусым күні кітапхана қызметкерлері Халықаралық нашақорлыққа және есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес күніне арналған «Есірткіге жол жоқ» атты жастар акциясын өткізді.

Акцияның мақсаты - адамзат өміріне қауіп төндіріп отырған есірткінің зиянын түсіндіре отырып, саналы, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Қоғамды осы мәселеге бейжай қарамай, қарсы күресуге шақыру.

Кітапханашылар қала көшелеріне шығып, қала тұрғындары мен қонақтарына есірткінің зияндығы туралы ақпарат айтып салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін «Сенің болашағың өз таңдауына байланысты» атты буклеттер таратты.

Акция барысында жастармен нашақорлыққа байланысты пікір-таластар жүргізіп, оларға: Біздің қоғамда есірткілерді қолдану және тарату мәселесі бар ма?, Сіз және сіздің таныстарыңыз бұл мәселеге жолықтыңыз ба?, Сіздің нашақорлыққа көзқарасыңыз қандай? - деген сауалдар қойылды.

Сонымен қатар кітапхана қызметкерлері салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, әртүрлі жас санатындағы тұрғындардың психотроптық заттарды қолданудың соңы қандай өкінішті жағдайларға ұрындыратыны жайлы ақпарат берді.