Биыл алаш қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, артына өшпес мол мұра қалдырған қаламгер Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы. Осыған орай кітапханамызда 10 сәуір күні «Мағжанжыры мәңгілік» атты әдеби - танымдық кеш өтті.

Кештің мақсаты: М.Жұмабаевтың өмірі және шығармашылығымен таныстыру, ақын шығармалары арқылы оқушылардың әдебиетке деген таным – біліктілігін шыңдау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. 

Кешке Республикалық әдеби «Қасым» журналының бас редакторы, Жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы С.Сағынтай, «Bolashaq» академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы М. Серікбайқызы, «Bolashaq» академиясының, «Машина жасау колледжінің» студенттері, №2 «Білім - Инновация» лицей-интернатының және «М.Жұмабаев атындағы №39 Гимназияның» оқушылары қатысты.

Кеш тізгінін ұстаған Е.А.Бөкетов атындағы тіл және әдебиет факультетінің 3 курс студенті Еркебұлан Мейрамбекұлы оқырмандарды рухтандыра отырып жүргізді.

Алғашқы сөз кезегін алған ақын-жазушы С.Сағынтай өзіндік үлкен қолтаңбасы бар, терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлең дүниесімен азаттықты кейінгіге аманат етіп қалдырған ақынның Алаш қозғалысының қайраткері ретіндегі тұлғасына ой жүгіртіп, оқырмандарды қызықты әңгімесімен баурап алды. М.Жұмабаевтың қазақ әдебиеті тарихындағы алатын орны, әлеуметтік қызметі және оның саяси – қоғамдық қызметі туралы кеңінен әңгімеледі.

«Bolashaq» академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы М.Серікбайқызы ұлы ақынның өмір жолы мен шығармашылығына тоқталып, Мағжан поэзиясының көркі мен сұлулығы, сыршылдығы мен жыршылдығы, суреткерлігі мен ойшылдығы жайында ой қозғады. Тұтас ғұмырын қазақ жұртының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ержүрек Баян Қасаболатұлына арналған «Батыр Баян» поэмасы жайында әңгімеледі.

Кеш барысында елдің қалыптасуына жастардан үлкен үміт күтіп, аманат сенім артқан «Мен жастарға сенемін» өлеңін «М.Жұмабаев атындағы №39 Гимназияның» 9-А сынып оқушысы Ә. Айданбек, №2 «Білім - Инновация» лицей-интернатының оқушылары М. Тен ақынның «Жазғы жолда», А. Жақсыберген «Сағындым», Е. Әбдікеш «Анама» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Ал «Bolashaq» академиясының студенттері М. Әужан «Түркістан», А.Жұрағат «Туған жер», О. Айкенже «Пайғамбар» өлеңдерін жатқа оқып, кештің шырайын келтірді.

Оқырмандар назарына ақынның шығармашылығына арналған «Қазақ поэзиясының хас шебері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу ұсынылды.

Кеш соңында сөз алған Н.В.Гоголь атындағы облыстық кітапхана басшысы Д.Базарбайқызы кешке қатысушыларға рахметін айтып, өз алғысын білдірді.

 

 

Абонемент бөлімінің басшысы: Жұмағұлова М.Т.