Көктемнің алғашқы күні - 1 наурызда Қазақстан халқы алғыс айту күнін атап өтеді.

2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні - 1 наурызды жаңа мереке «Алғыс айту күні» деп жариялаған еді.

«Алғыс айту күні»  - ұлттық бірлікті, қазақстандық патриотизмді және халықтың әлеуметтік оптимизмін нығайтуға, барша қазақстандықтардың бір-біріне деген мейірімділігін, достығы мен сүйіспеншілігін көрсетуге ықпал ететін күн.

Мереке қазақстандық патриотизмнің, достықтың, мәдени көптүрліліктің ұлы күні болды. Қазақстанда өмір сүріп жатқан жүз отыздан астам этностың әрқайсысының өзіндік бірегей ерекшелігі бар және ол біздің біртұтас ұлтымыздың теңдессіз артықшылығын көрсетеді. Қазақстанда тәуелсіздік жылдары бірде-бір халық өз тілін жоғалтқан жоқ. Мемлекетіміз ұлттық қақтығыстардан ада аумаққа айналды. Тағдырдың түрлі сынағын бастан кешкен халықтар жан-жақтан ағылып келгенде, бауырмалдық танытып, барша жұрттың баласына құшағын кең ашты. Олар қазақ даласында өсіп-өркендеп, кеңге құшақ жайды.

Осы айтулы мереке алғыс айту күні қарсаңында оқу залдары бөлімінде «Ұлт ұлысқа ортақ үй - Қазақстан» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрменің мақсаты - өскелең ұрпақты достыққа, бір-біріне құрметпен қарауға, сондай-ақ этносаралық келісім мен этникалық байланыстырды нығайтуға тәрбиелеу.

Кітап көрмесінде түрлі ұлттардың тарихын, депортациясы мен қазіргі өмірін, олардың мәдениетін, салт-дәстүрін және өнерін ашып көрсететін қазақстандық және шетелдік авторлардың кітаптары мен мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған мақалаларының көшірмелері кеңінен ұсынылған.

Көрмедекөп этносты қоғамның қалыптасуы, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы мен дамуы жайлы, жалпы ұлттық бірліктің дамуына үлес қосқан тұлғалар туралы деректер беретін «Қазақстан халқы» (Алматы, 2016 ж.) және «Қазақстан» (Алматы, 2017 ж.)атты энциклопедиялар. 

Қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту жайлы ой толғайтын «Ортақ үйімізде татулық пен келісім болсын» (Алматы, 1995 ж.)кітабы. Халқымыздың мәдени, ұлттық мұрасы мен қанатты ойлары жинақталған Е. Шаймерденұлының «Мәңгілік мұрат» (Алматы, 2003 ж.) атты еңбегі ұсынылған.

Сонымен қатар Қазақстан жерінен пана тауып, ұрпақ өрбіткен ұлттар жайлы «Из истории поляков в Казахстане» (Алматы, 2016 ж.), Н. Надировтың «Мы курды – Казахстанцы» (Алматы, 2016 ж.)М.Увайсовтың «Дагестанцы в Казахстане» (Алматы, 2015 ж.), В. Канның «Корейцы Казахстана» (Алматы, 1994 ж.) еңбектері де қойылған.

Бірлік пен достықтың, бір-біріне деген құрмет, адамгершілік пен мейірімділік көрініс табатын «Менің Отаным - Қазақстан» (Алматы, 2009 ж.), А.Қалыштың «Қазіргі Қазақстандағы этникалық және этномәдени процестер» (Алматы, 2015 ж.), Б.Төлепбергеннің «Ұлттық идея – тәуелсіздік тұғыры», (Алматы, 2011 ж.) «Қазақстан халқы ассамблеясы этноконфессионалдық келісімді нығайту және дамыту институты ретінде»(Петропавл, 2015 ж.) еңбектер де көрме сөрелерінен орын алды.

Сонымен қатар баспасөз беттерінде жарық көрген риясыз таза көңілден шыққан алғыстар легінде де шек жоқ.

«Орталық Қазақстан» газетінің 2022 жылғы 1 наурыздағы санында жарық көрген «Рақмет – сезімдік, саналық, күрделі құбылыс» атты мақаласы философия ғылымдарының докторы Нәби Елікбаевтың аналарымызға, тағдырымызға алғыс айтуымыздың маңызын және де алғысқа әр жан лайық деген ой-толғауын баяндайды.

2022 жылғы 3 наурыз күні «Арқа ақшамы» газетінде жарық көрген «Алғыс – жан қалауы» атты мақаласы мәдени құндылықтарын сақтауға мүмкіндік жасаған қазақ еліне, барша Қазақстан халқына  бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқаны үшін алғыстарын білдіруге арналған.

Нағыз алғыс - жылы жүректен, риясыз көңілден шығатын әсем сезім. Ортақ Отанымызды мекендеген түрлі этнос өкілдері бұл күні қасиетті қазақ даласына, бауырмал қазақ халқына ризашылықтарын білдіреді.

Қазақстан - ортақ үйіміз, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – барша қазақстандықтардың борышы деп білеміз!

Ниет білдірген әрбір оқырманды танымды әрі тағылымды кітап көрмесімен танысуға шақырамыз!

 

Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы: Майданбекова А.Д.