17 ақпан күні кітапханамызда «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында қазақ прозасының деңгейін көтерген көркем сөз шебері, көрнекті жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдіктің шығармашылығына арналған «Парасат майданы» кітабының бенефисі өтті.

Аталмыш шараның құрметті қонақтары Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Мәуенқызы Хамзина, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің Кітапхана ісі бөлімінің оқытушысы Мухамбетчина Қызылгүл Советқызы, Абай атындағы мектеп гимназиясының кітапханашысы Избасарова Айсұлу Қапиятқызы келіп қалың оқырманмен кездесіп «Парасат майданы» кітабы туралы өз ойларымен бөлісті.

Кешке қатысқан Тәттімбет атындағы өнер колледжінің «Кітапхана ісі» бөліміндегі білім алушылардың ішінде өз таңдауы бойынша «Әке» хикаятын мазмұндаған Туғанбай Ділназ: «Әр адам ата-анасына, қолынан келген жақсылығын дер кезінде аямай қамқор болу керектігін айтты». Шығармадағы әке образы жөнінде перзент көзімен қарағандағы әке бейнесі, әке қадіріне жетпеу, әкеге деген сағыныш мотивтері студенттерге ерекше әсер етті.

Ал «Ақиқат» хикаяты туралы баяндаған Арайлым Мырзахметова шындыққа мойын ұсыну керек екендігін түсініп, «Қанағат қарын тойдырады» деген тұжырымға келді, «Жат перзент» хикаяты туралы Кәкен Диана кекшілдік, іштарлық деген бәлелерді, кешірімділік пен кеңдікке жеңгізе алмай, соның кесірінен бір – бірімізбен ерегісіп, нәтижесінде ертеңімізді болжамақ тұрмақ, бүгініміздің ақ – қарасын ажырата алмай қаңғып қаламыз деген ойын ашық білдіріп, күншілдік деген әдеттен арылуымыз керектігін айтты.

Шара барысында оқырмандардың қызығушылығын арттырған өзекті дискуссия бүгінгі күн тақырыбында жазылған «Біз үшеу едік» драмасы болды.  Осы драманы талдау  барысында аудитория қонақтары екіге бөлініп, бірі Мұратты жақтаса, екінші топ Өмірбектің жағына шыққандар да болды.

Төлен Әбдіктің бұл пьесасы – драма – дискуссия, немесе драма – тартыс болып оқырман көңіліне ой салары анық. Сондай-ақ, көпшіліктің қызығушылығын арттыра түскен, өмірде кездесетін өзекті мәселелерді  көрсету арқылы келешек жас ұрпаққа тәрбие беру, ұлттық сананы қалыптастыруға ықпал жасау кешіміздің басты мақсаты болды.

Филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Мәуенқызы өзінің қорытынды сөзінде: «Парасат майданы» қазақ әдебиетіне жаңалық әкелген психологиялық шығармалардың бірегейі, автор қаламынан туған бұл туынды әдебиет сүйер оқырман көңілін бей жай қалдырмасы анық». - деп айтты.

Жалпы қатысқан аудитория: «Жазушының шығармалары адамгершілікке, ізгілікке, мейірімге, еңбексүйгіштік сынды қасиеттерге арналған, сонымен қатар автор тұлғаның екіге бөлінуі сынды психологиялық мәселені де қозғаған. «Оң қол», «Парасат майданы», «Тозақ оттары жымыңдайды» атты шығармаларында «Тұлғаның екіге жарылуы», ал «Әке», «Ақиқат» повестері мен «Қайырсыз жұма», «Бассүйек», «Жат перзент» сынды әңгімелерінде «жалғыздық» философиясы бейнеленген деген тұжырымға келеді.

Кеште қаламыздағы өнер колледжінің студенттері Шаймахамбет Бекарыс және Сансызбай Аңсаған «Сарыарқа» әні мен «Әлқисса» күйін орындап, оқырмандарға тамаша көңіл-күй сыйлады. Абай атындағы мектеп гимназиясының 9 сынып оқушылары Айтқали Зейнеп, Алдажан Балғын Серік Ақсұңқарұлы мен Қорғанбек Аманжолдың жазушыға шығарған арнауларын мәнерлеп оқыды.

Кеш соңында оқырмандар назарына жазушы шығармашылығына арналған «Табиғаты өзгеше дарын» атты кітап көрмесі ұсынылды, сонымен қатар әдеби-танымдық викторина ойнатылды.

 

Өнер туралы әдебиеттер

бөлімінің басшысы: Б.З.Оспанкулова