Құрметті оқырмандар! «Бір ел - бір кітап» республикалық акциясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық Кітапханасы мен ҚР кітапханалар қауымдастығының бастамасымен елімізде 2007 жылдан бастап өткізілуде. Республикалық деңгейдегі дәстүрлі акция биыл оқырмандар арасында он жетінші мәрте ұйымдастырылуда.

Биылғы жылы аталмыш акциясы аясында жалпыхалықтық оқуға «Жыл кітабын» таңдау бойынша Қазақстанның халық жазушы, драматург, қоғам  қайраткері Төлен Әбдіктің шығармаларын оқу бекітілді.

Төлен Әбдік - қазақ прозасында ерекше қолтаңбасы бар қаламгердің шығармаларынан «Табиғаты өзгеше дарын» атты әдеби кітап көрмесі абонемент бөлімінде ұйымдастырылды.

Кітап көрменің мақсаты - жазушының шығармаларын жан-жақты насихаттау, оқырмандарды Төлен Әбдіктің әдеби мұрасымен таныстыру.

Көрмеге қаламгердің әр жылдарда жарық көрген шығармалары және ол туралы жазылған деректер, энциклопедиялар, әдебиеттер мен мерзімді басылымдар қойылған. Солардың бірегейін сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.

Қаламгердің шығармалары 1964 жылдан бастап жариялана бастаған. Тұңғыш жарық көрген 1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Көкжиек» жинағында «Қонақтар», «Бассүйек», «Сәнді көл», «Бір күндік ашу» сынды бір топ таңдамалы әңгімелері берілсе, «Әке» кітабына бұрын жарық көрмеген бір топ психологиялық драмалары жинақталған. «Парасат майданы» жинағына үздік повестері, әңгімелері мен республикалық театр сахналарында қойылған «Біз үшеу едік», «Ветеран» пьесалары еніп отыр.

Соның ішінде, оқырмандар қызығушылығын тудырған, Халықаралық Франц Кафка атындағы орденімен марапатталған «Парасат майданы» романының алатын орны ерекше.

2002 жылы Алматы қаласы Атамұра баспасынан  шыққан «Оң қол» - Төлен Әбдіктің жиырма бес жасында жазған алғашқы әңгімелерінің бірі. Әңгіме психиатриялық ауруханаға түскен 17 жастағы Алма туралы. Сұлу бойжеткеннің сырқаты - жан түршігерліктей қорқынышы. Қыз қалың ұйқы құшағына кеткен шақта, оң қолы өзін қылқындырып өлтіруге әрекет жасайды. Дәрігерлер аурудан арылудың сан түрлі амалын жасағанмен, Алманың оң қолына бөгет бола алмайды. Ақырында Алманы емдеуші дәрігер қолын алып тастау керек деген шешімге келеді. Сюжет желісі дәрігердің әңгімесі арқылы өрбиді.

2012 жылы Алматы қаласы «Раритет» баспасынан жарық көрген «Парасат майданы» – жазушының адамзатқа бағытталған жанайқайы; өмірдің тылсым сырына үңілген жанның өзгелерге айтар өсиеті. Төлен Әбдіктің бұл философиялық шығармасында қоғамның болашағы үшін қам жегенін, оған жаны ашып, жол сілтемек болғанын байқаймыз. Жақсылық пен жамандықты, жауыздық пен мейрімділікті қатар қойып, кімнің жеңіске жететінін баяндайды.

Сонымен қатар, оқырман назарына мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалар да ұсынылған: «Егемен Қазақстан» газетінің 2020 жылдың 5 маусымында Назерке Жұмабайдың мақаласында Қазақстанның халық жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдікпен «Ақиқаттан биік ақсақал жоқ» атты сұхбатында жазушының шығармалары жайында ой бөлісті. «Жұлдыз» журналында (2022, №9) «Қамқоршы» повесті жарияланған.

Құрметті оқырман қауым! Төлен Әбдіктің шығармашылығымен жақынырақ танысқыларыңыз келсе, кітапханамыздың қорындағы әдебиеттерді алып оқуларыңызға болады.

 

Абонемент бөлімінің басшысы: Зарубекова Ж.М.