Құрметті кітап сүйер қауым! Өздеріңізге белгілі кітапханамызда жыл бойына қазақтану ілімінің қара нары Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдық мерейтойына арналған «Арқа даласы - Ақселеу әлемінде» өлкетанулық әдеби-марафоны өтуде.

Марафон аясында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Мен оқыдым, Сізге де оқуға кеңес беремін» атты Қарағанды облысының кітапханашылары арасында буктрейлер байқауы жарияланған болатын.

Байқаудың мақсаты – белгілі жазушы, этнограф, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты А.Сейдімбектің өмірі мен қызметін қол жетімді инновациялық нысандары арқылы насихаттау. Кітапхана қызметкерлерінің шығармашылық потенциалдарын ашып көрсету, жұмыстың дәстүрлі емес жолдарын тауып, жүзеге асыру.

Аталмыш байқауға Шахтинск, Қаражал, Приозерск, Сәтбаев, Саран қалалары мен Шет, Ақтоғай, Абай, Бұқар жырау, Нұра, Қарқаралы, Жаңаарқа аудандарынан 33 кітапханашы қатысып, Ақселеу Сейдімбектің шығармашылығына арналған бейнероликтерін 2022 жылдың 12 шілде күні әлеуметтік желілерге жариялаған болатын.

2022 жылдың 8 қарашасы күні қазылар алқасының отырысы болып, жолданған жұмыстар сараптаудан өтіп, іріктелді.

Байқау жұмыстарына Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ профессоры, ф.ғ.д., ҚР мәдениет қайраткері Қойлыбай Асановазылар алқасының төрағасы), Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, халықаралық «Шабыт» сыйлығының иегері, Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығының маманы Қайрат Асқар, «Самғау» академиясының бейнеоператоры, мобилограф Мадияр Аманкелді қазылық етті.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты 2022 жылы 16 қараша күні Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында сағат 11.00-де өтеді.

Шара барысында А.Сейдімбектің шығармашылығынан үзінділер оқылып, бейнероликтер көрсетіледі, Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің ұйымдастыруымен шағын концерттік бағдарлама ұсынылады. Кітап көрмесіне әдеби шолу жасалады.

Кітапхана ісін алға жылжытуға бағытталған шараға қолдау көрсетіңіздер!
Келіңіздер! Көріңіздер!