18 қазан - Рухани келісім күні. Бұл күн Қазақстанда бірінші дүниежүзілік Рухани келісім конгресі өткен 1992 жылдан бастап өз есебін жүргізеді. Алматыда барлық діндердің өкілдері, сондай-ақ белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері жиналып, 18 қазанды Рухани келісім күні деп жариялауға шақырды.

Қазақстан халқының бірлігі мен келісімі – тәуелсіз мемлекеттің басты құндылығы, оның аса маңызды қағидаты азаматтардың діни сезімдеріне құрметпен қарау болып табылады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған Алматы Конгресі Қазақстанның одан әрі бітімгершілік бастамаларының бастапқы нүктесі болды, олардың арасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі ерекше орын алады.

Осы атаулы күнге орай біздің кітапханамызда «Рухани келісім әлемі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмедегі «First Congress» (Астана, 2003) атты кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарыққа шыққан. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезі 2003 жылдың 23-24 қыркүйек күндері Астана қаласында өткен болатын. Кітап барлық діндердің бір-бірімізді сүюге үйрететіні айрықша маңыздылығымен түсіндіріліп жазылған.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 10 жылдығына орай «Дінтұтқа» (Астана, 2013) құнды еңбекке 2003 жылдан бері өтіп келе жатқан съез туралы, дәстүрлі дін көшбасшыларының пайымды пікірлері, мақалалары мен сұхбаттары енгізілген.

Бейбітшілік, руханият келісім мәдениеті, біздің - болмысымыздың кепілі. «Қазақстан - қарашаңырағым» (Алматы, 2015) атты кітапта жүз отыздан астам этнос өмір сүріп жатқан Қазақстан үшін маңызды міндет этносаралық және конфессияаралық диалог пен өзара іс-қимылды сақтау және нығайту хақында қарастырады.

ҚР Білім және Ғылым министрлігі ғылым комитетінің философия және саясаттану институтының қолдауымен «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік – конфессионалдық қатынастардың өзекті мәселелері» (Алматы, 2012) қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген, бұл жинаққа - осы аталмыш институтының Дінтану бөлімінің қызметкерлерінің әзірлеген баяндамалары жинақталған.

Белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы ғалым Мұртаза Бұлұтайдың «Дін және ұлт» (Алматы, 2006) деп аталатын еңбегіне дін ғылымдары, әлеуметтану, тарих философия, құқық, саясаттану, халықаралық қатынастар, мәдениеттану салаларын қамтитын ең ауқымды ғылыми–публицистикалық материалдары енгізілген.

Кітап көрмесінде қорымыздағы мерзімді басылымдар беттеріндегі материалдар да ұсынылған. Облысымыздың бас газеті Орталық Қазақстан газетінің 2020 жылдың 17 қазаныңда шыққан жергілікті автормыз Д.Халелдің «Бейбітшілік пен жасампаздық жолы» атты мақаласы оқырман көңіліндегі көптеген сауалдарға жауап берері сөзсіз. Сонымен қатар жыл сайын кітапханамызда рухани келісім күні қарсаңында облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өтетін іс-шара туралы Орталық Қазақстан газетінің 2021 жылдың 19 қазан күнгі шыққан Қ. Ғалымның «Рухани келісім – елдігіміздің кепілі» мақаласымен таныс бола аласыздар.

Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев Қазақстан халқына арнаған сөзінде: «Біздің басты байлығымыз – әл-ауқат пен бірлік, тұрақтылық пен тыныштық, бейбітшілік пен келісім», - деді.

Қазақта «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» - деген жақсы сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлттарды біріктіріп, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді.

Көрме материалдарымен танысқысы келетін оқырмандарымызды кітапханамызға шақырамыз және қазақстандықтарды рухани келісім күнімен құттықтаймыз, Баршаңызға бейбітшілік пен бірлік тілейміз!

Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы: Майданбекова А.