2023 жылы өлкетану әдебиеттерін насихаттауға арналған көмек құралы / Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы; құраст. С.О.Телпекбаева. – Қарағанды, 2022. – 102 б.

Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап - ғылыми кітапханасы жыл сайын Қарағанды облысы бойынша аталып өтетін және еске алынатын атаулы күндер тізбегін шығарып, оқырмандарға ұсынып келеді.

Қарағанды облысы бойынша бұл атаулы күндер мен айтулы оқиғалар күнтізбесі1971 жылдан шығарып келе жатыр.

Күнтізбеде облысымыздың тарихи-мәдени, саяси, шаруашылық-экономикалық ақпараттары қамтылған, облыстың тарихи оқиғаларының, кәсіпорындардың, ұйымдардың, даңқты жерлестердің және Қарағанды облысының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың мерейтойлық күндерінің тізбесі келтірілген. Күнтізбенің мазмұны қоғамдағы адамгершілік және рухани құндылықтардың нығаюына, Отанға және туған жерге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге бағытталған.

2022 жылы 16 наурызда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауында Қарағанды облысының бөлігінен Ұлытау облысының құрылатынын айтқан болатын. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес 2022 жылдың 8 маусым айынан бастап ресми түрде Ұлытау облысы құрылды. Әкімшілік орталығы – Жезқазған қаласы болды. Ұлытау облысы құрамына бұрынғы Қарағанды облысы аумағында болған Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары, Ұлытау, Жаңаарқа аудандары енді. Бұл күнтізбеге Ұлытау облысы құрамына енген елді мекендердің тарихы, белгілі ақын-жазушылары, ғалымдары, өнер қайраткерлері т.б. туралы мәліметтерді алып тастамадық, қысқаша анықтамалар мен әдебиеттер тізімін беруді жөн көрдік.

Өлкетану бөлімі құрастырып отырған бұл басылым елімізде қолға алынып жатқан жаңа жобаларды жүзеге асыруды және өлкетану білімін кеңінен таратуын мақсат етіп отыр.

Күнтізбеге қажетті мағлұматтар әр түрлі дерек көздерінен жиналды, яғни кітапхананың электрондық және дәстүрлі каталогтарынан, анықтамалық және библиографиялық басылымдар қорынан, интернет – ресурстарынан.

Біздің ұсынып отырған күнтізбе материалдарын күнделікті жұмыстары үшін кітапхана және клуб мекемелері, мұғалімдер, БАҚ қызметкерлері, әртүрлі қоғамдық ұйымдар қолдана алады. Әсіресе білім беру мекемелерінде «Өлкетану» бағдарламасы үшін ерекше құнды

Күнтізбенің құрылымы ақпаратты іздеуге ыңғайлы, мәліметтер хрогология бойынша тізілген, басылымның басында сілтемелер мен әдебиеттер тізімі қоса берілген. Күнтізбе соңында «Анықтамасыз және әдебиеттер тізімісіз қосымша даталар» тізімі берілді. Айы мен күні белгісіз даталарды кітапханаларда жыл бойында қашанда болса атап өтуге болады.

Сондай-ақ күнтізбеде белгілі бір оқиғаның немесе адамның өмірбаянының мәні мен мағынасын сипаттайтын мәтіндік анықтамалар және әдебиеттің ұсыныс тізімдерімен толықтырылған, оның ішінде кітаптар, жинақтар, мерзімді басылымдардағы мақалалар. Әдебиеттер тізімі соңғы жылдарда жарық көрген мәліметтермен толықтырылды.

Көрсеткіш қазақ және орыс тілдерінде құрастырылды. Бөлімдердің ішінде материал хронологиялық ретпен, тізімдегі әдебиеттер авторлар мен тақырыптардың алфавитінде орналасқан. Кейбір әдебиеттер тізімінде мүмкіндігінше электронды толық мәтінді онлайн-ресурстарға сілтемелер көрсетіледі.