Қаламыздағы Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қабырғасында 15 жыл бұрын «Жыр-Жауһар» поэзия клубы құрылып, бүгінде республикаға танымал үлкен шығармашылық орталыққа айналды.

Орталықтың мүшелігіндегі ақындардың жетістіктері мен жеңістері мақтан тұтарлық. Алдыңғы буыны боп табылатын Алмаз Мырзахмет, Мирас Асан, Қуаныш Медеубаев, Жадыра Байбұланова, Рауан Қабидолдин, Жанат Жаңқаш, Эльмира Сайлауқызы, Айзада Рақымжанова, Ерғанат Кеңесбек және т.б. ақын-жазушылар бүгінде әдебиет әлемінде үлкен орындары бар ақындар. Қазақстан жазушылар одағы облыстық филиалының басшылығындағы Жанат Жаңқаштың жыр-жауһарлық екені де мақтаныш. Орталықтың мерейлі жылында жазушылар одағына жыр-жауһарлық бірқатар ақындар өтті. Бүгінде аймақтың шығармашылық шыңдалуына үлес қосып жүрген ақындар легін жас қаламгерлер жалғап келеді. 

Көптеген игі істердің жаршысы болып табылатын аталмыш орталықтың мүшелері жас өренді кітап оқуға баулуды, қазақ әдебиетіне деген ынтасын арттыруды мақсат етеді.

20 қараша күні сағат 16:00-де «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығының мерейтойына орай кітапхана төрінде «Жұлдызы биік – Жыр-Жауһар!» атты кездесу кеші өтеді.

Кеш барысында жас толқынды ресми түрде мүшелікке қабылдау рәсімі де қарастырылған.

Аталмыш кездесу кешіне «Абай» атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын С. Ақсұңқарұлы, танымал ақын-жазушылар С. Сағынтай, Қ. Асқар, Б. Мүбарак, Нұр-Сұлтан, Жезқазған қалаларынан жыр-жауһарлық ақын-жазушылар мен өнерпаздар қатысады деп күтілуде.