Туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады. Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Оған сай сол өлкеде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар. Ал, олар жайында жас ұрпақтың білгені абзал. Осыған орай, Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы өлкетанушы, Қарағанды технология және сервис колледжінің директоры Жұмағали Диярұлы Мағзидың «Тарих таразы» атты кітабының тұсаукесерін ұйымдастырып, Достық үйінде салтанатты  рәсімін өткізді.

Кітап Шет ауданының іргелі ауылдарының бірі Нілді, Өспен ауылының тарихына, өткен өмір, еткен еңбек жолына арналған ғұмырнама.

Шараға ғалымдар, өлкетанушылар, ұстаздар, кітапханашылар, студенттер қатысты.

Шараның мақсаты: өңіріміздің тарихынан, мәдениетінен, ғылымынан, табиғатынан сыр шертетін ерекше басылымдармен оқырман қауымды таныстыру.

Шараның модераторы - Заң ғылымдарының кандидаты, Доцент, ҚР Журналистер одағының мүшесі  Болат Кенелұлы Сыздық кіріспе сөзінде қонақтармен таныстырып өтті.

Кітаптың авторы Қарағанды технология және сервис колледжінің директоры,  ұстаз,өлкетанушы Жұмағали Диярұлы Мағзи кітаптың жазылу тарихына қысқаша шолу жасады.

Жұмағали Диярұлы «Бұл тарихи естелік кітапта Аллаһтың қалауымен өмірге келген күнімнен бастап өсіп өнуім – ата мекенім Нілдіден басталған қызмет атқарып жатқан уақытымдағы оқырманға тәрбиелік маңызы зор кезеңдерім туралы, одан әрі Қызылтау ауылы, Ақадыр кенті, Қарағанды қаласының қысқаша тарихтарын қамтыған өмір тәжірибем барысында түйген тарихат беріледі. Еліміздің дамуына тамшыдай болса да қосқан еңбегімді  мазмұнды нақты тұжырымдар арқылы беріп отырмын» -  деп ойын түйіндеді.

Кеш барысында Қаламгер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы Өмір Кәріпұлы кітапқа ақ жол тілеп, ақ батасын берсе,  ҚР Парламент Сенатының депутаты Рысқали Қалиақбарұлы Әбдікеров өздерінің жүрек – жарды тілектерін білдірді. Полицияның запастағы полковнигі, Әлі бабаның ұрпағы Бораш Сұлтанұлы Әлітегі  ортаға шығып, осы  «Тарих таразы» кітабының тұсауын кесті. Салауат Қамшыбайұлы Кентбеков Мағзи Диярұлының сөзіне жазылған «Нілді аруы» әні, қобызшы жырау, республикалық жыршылар байқауының Бимедин Әлібек Өзбекұлы дипломант Доспамбет жыраудың толғауын нақышына келтіріп  орындады. Сонымен қатар  туған жер тарихы жайында және  ұлттық мұрат, кәсіби ұстаным туралы ой қозғалып, пікірлер айтылды. Осындай игі шаралар оқырмандар үшін құнды болатыны сөзсіз. Автор өзінің шығармашылығы жайлы оқырмандармен ой бөлісті.

Оқырман қауымға «Туған өлкем – жұмақ мекен» атты кітап көрмесі ұсынылды.

«Тарих таразы» кітабының оқырманы көп болсын!!!

Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы: Алпысбаева Б.