Жазушы, драматург Софы Сматаев 80 жаста

Софы Қадыбекұлы Сматаев – қазақтың көрнекті жазушысы, белгілі қоғам қайраткері. Өз ғұмырында халыққа қажетті көптеген әдеби шығармалар жазып, еліміздің өркендеуіне, өскелең ұрпақтың патриоттық рухта тәрбиеленуіне зор үлес қосып келе жатқан қарымды қаламгер, ойлы жазушы. Ол - әр жанрда қалам тартып, қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосса, оның жазған либретто, драмалары театрларда қойылып, романдары , жыр жинақтары кезінде оқырмандарға кең таралды. Тәуелсіздік дәуірінде де әдебиетке құнарлы туындылар сыйлап отырған қаламы қуатты жазушы.

Биыл қарымды қаламгер, суреткер жазушы Софы Сматаев  80 жасқа толып отыр. Осы мерейлі мереке қарсаңында кітапханамызда «Зерделі қаламгер» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеде басты назарда жазушының «Елім-ай» роман трилогиясы. Көркем әдебиетте халқымыздың ғасырлар қойнауында бұйығып жатқан тарихына алғашқылардың бірі болып қалам сілтеген жазушы өзінің алғашқы «Елім-ай» трилогиясында (Алматы, 2009ж.) «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп атанып кеткен ауыр тарихи кезеңді суреттей отырып, жоңғарларға қарсы күрестің бүкілхалықтық сипатын ашады, сол күрестің қозғаушы күштерін шебер сипаттайды. Қазақ елінің тұрмыс тіршілігін көрсетіп, ел ішін жегідей жеген байлар мен сұлтандардың сойқанды әрекеттерін, елдік пен бірлікті көксеген халықтың тебіренген жан күйін, азаттықты аңсаған жұрттың ширыққан халін образдар арқылы көрсетеді. Елдің еркіндігі мен бостандығын көксеген айбынды ұлдарының жауға қарсы ұлт – азаттық  күресін жан-жақты суреттейді.

Софы Сматаевтың шығармашылық жолын поэзиядан бастағанын көпшілік біле бермеуі де мүмкін. Сергек ойлы ақынның әр жылдары жазылған жырлары «Жылдарым – жырларым» (Алматы, 2009ж.) атты  3 томдық жыр жинағына  топтастырылған. Бұл өлеңдер «ермек үшін емес», «жастарға үлгі, өнеге  бермек үшін» жазылған. Айтулы сөз зергерінің «Мейрамсопы - Қарқабат» (Алматы, 2010ж.) атты сыр-дастаны Әз Жәнібек ханның уәзірі болған қасиетті Мейрамсопы бабамыз бен Қаракесектің ұранына айналған киелі Қарқабат (анамызға) арналады. Ұрпақтарына игілік пен ізгілік тілейтін қос киелі рухқа тағзым – бұл еңбек.

Ұлттық әдебиетіміздің кешеуілдеп қалған төрттаған  (рубхи) жанрының өркендеуіне  үлес қосқан қазақ әдебиетінің классигі Софы Қадыбекұлының «Ботасымын боздаған боздаламның» (Алматы, 2016ж.) атты арнау жырлары «Балалықтың түрі, Махаббат сыры, Кәрілік мұңы, Даламның әні» т.б. сияқты арнаулардан тұрады.

Жазушының сүбелі еңбектерінің бірі  - Абылай ханға Һәм замандастарына арналған дастандар жинағы «Ағаларым – жағаларым, інілерім - ірілерім» туындысы. Бүкпесіз шыншылдығымен, көркем шеберлігімен оқырманның жүрегіне жол табатын - еңбек. Өлеңмен жазылған романы «Жарылғап батыр» (Алматы, 2000ж.) деп аталады. Елінің азаттығы мен бостандығы үшін күрескен батыр бабаларымыздың ерлікке толы өнегелі өмірі жайлы баяндайтын туынды.

Сонымен қатар кітап көрмесінен алаштың халық жазушысы Софы Қадыбекұлының шығармашылығы жайлы баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалармен де танысу мүмкіндігі бар. «Жалын»  журналының 2017 жылғы 6 санында жарық көрген Н. Қазыбекұлының «Софы», «Дала мен қала» газетінің 2019 жылғы 24 санында шыққан «Софы Сматайдың соны соқпақтары» атты мақалалары қазақ қарасөзіне соныдан соқпақ салған айтулы жазушы екендігін, ұлттық құндылықтарды айшықтаған туындылары тәуелсіз еліміздің жастарына жігер, күш берері сөзсіз екендігі жайлы айтылады. «Қазақ әдебиеті» газетінің 2021 жылғы 18 маусымында жарық көрген Т. Жұртбайдың «Құрыш құйма» мақаласы классик қаламгердің өлеңдерінен прозалық баяндаудың, прозасынан – эпостық «әлқиссасының» ырғақ-ықпалының анық екендігін, бұл жазушының туа бітті көркем баяндауы мен қабылдауы екендігі жайлы айтып өтеді. Сонымен қатар қазақ зиялы қауым өкілдерінің жазушы жайлы айтқан ойлары да берілген.

Құрметті оқырман, классиктер шоғырының өрелі өкілі, жерлесіміз Софы Қадыбекұлының шығармашылығы жайлы ой толықтырғыңыз келсе, кітап көрмесімен танысыңыз!

Оқу залының кітапханашысы:  Айтбаева К.Т.