23 маусым

Бүгін біздің кітапханаға қонаққа С.Сейфуллин атындағы гимназия мен «AZBUKA» шағын орталығының балалары келді.

Олар үшін «Қиял әлемі» шығармашылық алаңында Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра күні - ұлттың үні» атты танымдық сабақ өтті. Музыкалық аспапты жасаудың қыр-сырын домбыра жасау шебері Ержан Тұрсынов көрсетті. Балаларға арнап Жошы хан туралы аңызды мазмұндап, «Ақсақ құлан» мультфильмін көрсету барысында лирикалық дала әуендеріндегі домбыраның дыбысталу ерекшеліктері туралы айтты.

Шебердің орындауындағы қазақ халық әндерін балалар тамсана тыңдады және «Домбыра туралы не білесің?» сауалнамасының сұрақтарына қуана-қуана жауап берді, шара соңында «Домбыра» пазлын жинады.

«Қызықты ағылшын» шығармашылық алаңындағы кезекті сабақ колористика әліппесіне, яғни ағылшын тілінде түстердің қалай дыбысталатынына арналды. Сабақ түрлі-түсті конструктор мен бояуларды пайдалана отырып, ойын түрінде өткізілді. Балалар сурет салып, түрлі-түсті суреттерге толы кітаптарды оқып, түстер жайлы жұмбақтарды шешті. Әр адам өзінің ағылшын тілін білудегі деңгейін көрсете білді және өздері салған суреттерді бізге естелікке қалдырды.

Егер сіздің балаңыз тіл үйренгісі келсе, онда біз сіздерді әр сәрсенбі сайын сағат 11:00-де ағылшын тілінің танымдық сағатында күтеміз!

Алаң үйлестірушілері:
Оспанкулова Б.З.
Бакзибекова А.Х.
Артыкбаева Н.Н.