Ойшыл оқырмандар мен поэзияның талғампаздары үшін кітапханамызда ақын, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы  Олжас  Сүлейменовтің туғанына  85 жыл  толуына орай «Ақыл – ойдың айсбергі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеде ақынның өмірбаяны, шығармашылық және қоғамдық-саяси қызметінің негізгі кезеңдерінен тұратын кітаптар мен фотосуреттер ұсынылды. Ақын туындыларының орыс тілінде жарыққа шыққандары да осы көрмеден табылады. 1961 жыл жас талапкер үшін әдеби ғарышқа самғау жылы болды. «Арғымақтар» және «Адамға табын, жер, енді» атты жинақтары жарық көріп, бүкіл жұртты елең еткізді. Қай тақырыпта сөз қозғаса да, Олжас туындылары өткір тартысқа құрылып отырады. Осыдан келіп ақынның биік азаматтық үні, белсенді позициясы анық байқалады. Өзіндік асқақтық, шынайылық, сезім астасуы, ойнақылыққа ойыса білу, т.б. ерекшеліктерімен көзге түседі. «Біз жаңаша өлең жазуды Олжастан үйрендік» дейді - Сергей Марков.

Көрменің басты қазынасына айналған әдебиеттер, О.Сүлейменовтің  1975 жылы «Жазушы» баспасында жарық көрген «АЗ и Я» кітабы көне славян және түркі жазба ескерткіштерін зерттеуге арналған. Жанрын ақынның тарихқа көзқарасы деп таныған жөн. Көне қолжазбаға деген ғылымда қалыптасып қалған үстірт шешімдер мен дәлелсіз пікірлердің, жаттанды көзқарастардың шаңын қаға отырып өрелі ақын нағыз тіл маманына тән сұңғыла талдаумен өрісті ой-толғамдарға жетелейді. Шығарма баспа беттеріне жарыққа шыға салысымен бірден әлем назарына іліккен, тырна қалды туындыға айналды.

2005 жылы «Жібек жолы» баспасында «Таңдамалы туындылар» жинағының бірінші томына таңдаулы өлеңдері, екінші томына «Адамға табын, Жер,енді», «Құмырсқа», «Қыш кітап», т.б. поэмалары, ұлы ақын Махамбеттің өміріне арнап жазған «Қызыл жусан» атты екі сериялы көркем фильмнің сценарийі енді.

2006 жылы «Раритет» баспасында жарық көрген «Избранное» кітабында ақынның туған даланың топырағында аунап-қунап оның нәрін бойға сіңіріп өскен Олжастың шығармаларындағы сарын, ол сонау өзіндік болмысымен тарих беттерінен орын алатын, кешегі қазақ халқының қиын-қыстау кезеңі, туған жердің иісін аңсаған бала көңілдің, жарқын көрінісі еді.

Олжас Сүлейменовтің есімі үнемі поэзияның ең үздік үлгілермін байланыстырылады. 1961 жылы 12 сәуірде Ю.Гагарин ғарышқа ұшқан кезде ақын Олжас Сүлейменов «Адамға табын жер енді» атты поэма жазған еді. Бұл шығарманы оқырман әйгілі ақын Қадыр Мырза Әлидің аудармасы арқылы жақсы біледі.

2011 жылы «Библиотека Олжаса» баспасынан жарық көрген «Литература это жизнь» атты кітапта Олжас Сүлейменовтің әдебиет пен әдебиетшілер туралы мақалалары, сөйлеген сөздері мен сұхбаттары алғаш рет жинақталған. Оның әдебиет туралы сөйлеген сөздері әрдайым оқырмандардың қызығушылығын тудырды. Ол әрқашан өз заманының әдебиетіндегі әртүрлі тенденцияларды өте дәл сипаттайды. «Менің Шоқаным» немесе «Көшпенділер мен мәдениет» сияқты мақалалар құндылығы жағынан тұтас монография болып табылады. Жазушының ұлттық әдебиет пен мәдениеттің тағдыры, көрнекті жазушылар мен ақындар туралы ойлары уақыт тұрғысынан бағалауда өзіндік ерекшелігі мен дәлдігімен ерекшеленеді. Кітап мәдениет және әдебиет зерттеушілеріне, сондай-ақ көпшілік оқырман аудиториясына арналған.

Сондай-ақ кітап көрмесінен «Қыш кітап» (Алматы, 2006), «Сүмбіле жұлдызы» (Алматы, 2011), «Таңбалар тілі» (Алматы, 2014) атты туындыларында ақынның орыс тілінен аударылған шығармалары және мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген ғылыми мақалалары мен публицистикалық туындылары және сұхбаттарымен де таныса аласыздар.

Ақынның 85-жылдығына орай «Қазақ әдебиеті» газетінің 2021 жылдың 14 мамыр күнгі санында «Бүкіләлемдік Қазақ» атты тақырыппен Д.Мәсімханұлының Ю.Ковальскийдің, М.Исмаилдың, Б.Қанапияновтың, Т.Есполовтың мақалалары және ақынның «Қасиет те, Қасірет те сөзден...» сырлы сұхбаты оқырман назарына ұсынылды.

Құрметті оқырмандар кітап көрмесімен танысуға шақырамыз, ел игілігі үшін еңбек еткен үлгілі тұлға жайлы біле жүріңіздер!

 

Абонемент бөлімінің кітапханашысы: Сиязбаева А.Ж.