24 желтоқсан күні кітапхана жанынан құрылған "Жыр – Жауһар" поэзия клубының ұйымдастыруымен ақын, Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты Абзал Бөкенмен кездесу өтті.

Абзал Бөкен – ойдың ақыны. Кез келген өлеңін оқып көрсеңіз жоғары бір пафосқа негізделмейді. Жұп-жұмыр. Дөп басады.

Алатаудан Арқаға оралған алпысты алқымдаған ақын ағамыздың әлі де таусылмаған жебе, сарқылмаған кемелі бар екен. Шаһарымызға келгелі 50 өлең, 70 рубаят, 3 поэма жазған екен. Ғаламат емес пе?

"Бастау", "Сүмбіле", "Шың мен шыңырау" "Төр" т.б. кітаптардың авторы кездесу барысында дәнекер болған, ақын-жазушы Серік Сағынтайдың қолқалауымен алғашқы өлеңін оқып берді. Сондай-ақ, сиясы кеппеген өлеңдерін оқып, жас ақындардың делебесін қоздырып жіберді.

Кеш барысында "Жыр – Жауһар" поэзия клубының жас ақындары өз өлеңдерін оқудан құр қалмады. Асқар таудай ақын ағаларына өздерінің сиясы кетпеген туындыларын оқып, сын – пікірін тыңдады. Сондай-ақ Тәттімбет атындағы өнер колледжінен келген Еркінбай Маясардың домбырамен салған әні кештің шырайын келтірді.

Сыр-сұхбат жалғасын тауып, әдебиет һәм өнер төңірегінде сұрақтарға жауап беріп жатты. "Ақындардың көбейгенінен гөрі, сапалы болғанын қалаймын" - деп ағынан жарылды. Кеш соңында "Шың мен шыңырау" атты кітабына қолтаңбасын қойып, өлең оқыған жас ақындарға таратып, өлең өлкесінде өзіндік орындарыңды табыңдар деген ізгі тілегін білдірді.