1961 жылдың 12 сәуірі адамзат тарихында Ұлы күн болып есте қалды.. Ю.А. Гагарин жүзеге асырған адамның алғаш рет ғарышқа сапары ғылымның даму жолындағы революциялық қарышты қадамының бірден – бір айғағы болды.

2021 жылы ғарышкер Ю.А. Гагариннің алғашқы ғарышқа ұшуына 60 жыл және Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Т. Әубәкіровтың алғашқы сапарына 30 жыл толады.

Ғарышты игеру бүгінгі өркениетті әлемнің басты мәселесіне айналғаны анық. Биыл  Қазақстанның  ғарыш саласына дербес мемлекет ретінде маңыз беріп, осы тұрғыда бағыт – бағдарын  айқындай бастағанына да ширек ғасыр өтіпті.

Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні қарсаңында кітапханамызда  «Ғарыш әлемі» атты иллюстрациялық кітап экспозициясы ұйымдастырылды. Мақсаты - жер шарындағы экономикалық дамудың тетігі болып  саналатын  ғарышты игерудің адамзат үшін  пайдасы мен қажеттілігі жайлы түсінік беру, жастар бойында тарихқа тағылым, отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін дамыту, ұлттар арасындағы сыйластықты  нығайту.

Көрмеде басты назарда Х. Әбжановтың «Тәуелсіз Қазақстан: Жоғары білім, ғылым, саясат» монографиясы. Кітапта интеллектуалдық әлеуетті арттыруға бағышталған қазіргі мемлекеттік саясаттың жүзеге асу барысы, нәтижелері мен тәжірибесі бай деректік негізде баяндалады. «Көркемсуретті Қазақстан тарихы» кітабында Республиканың индустрияландыру, саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелері сөз болады. «ЛУКОЙЛ аймақтары» сериясының тоғызыншы томы - Ұлы Жібек жолы өткен, әлемдік өркениеттер тоғысқан, бүкіл дүние жүзі үшін ғарышқа жол салған қазақстандық Байқоңырдың адамзат өміріндегі жаңа заман қақпаларын айқара ашқандығы жөнінде әңгімелейді. Туынды қазақ – орыс тілдерінде жазылған.

Әлем бойынша ғарышқа тұңғыш жол салған ғарышкер Ю. А. Гагариннің «Ғарышқа жол» кітабы өзі, отбасы, ғарышқа ұшқан сапары, ғарышкер достары мен шетелге барған кездегі қызықты оқиғалары жайлы әңгімелейді. «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан В. Степановтың «Юрий Гагарин» туындысы ғаламның тұңғыш ғарышкерінің жалт етіп өте шыққан қысқа да мағыналы өмірі жайлы деректі құжаттарға, қызметтес достарының естеліктеріне  сүйене отырып әңгімелейді.

Т. Сүйінбайдың «Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров» атты кітабы халқымыздың біртуар перзенті, даңқты сынақшы-ұшқыш, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров жайлы деректі – көркем ғұмырнамалық эссе. «Ғибратты ғұмыр» сериясымен жарық көрген «Талғат Мұсабаев» атты шығарма ұшқыш – ғарышкер, Қазақстанның Халық Қаһарманы жайлы жазылған ғұмырнамалық деректі хикая.

Сонымен қатар 2011 жылғы 12 сәуір күнгі «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Ж.Сахиевтің «Жұлдызды жол Байқоңырдан басталды» мақаласы Тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннің алғашқы ғарыштық сапары жайлы егжей – тегжей баяндайды.

Кітап көрмесіндегі кітаптар мен баспа беттеріндегі мақалалар үш тілде ұсынылған.

Сондай – ақ сонау 1961 жылғы Кітапхананың негізгі қорларды сақтау бөлімінен мерзімді басылымдар архивінен алынған «Социалистік Қазақстан», «Правда», «Известия» басылымдарындағы жарыса жазылған мақалалар  өткен тарихтың куәсіндей. Сол жүрек жарды сәттердің хабаршысындай  болып оқырман көңілін толқытқаны  анық .

Әлем халқы алдымен Байқоңырды таныды. Байқоңыр арқылы әлемге қазақ елі  танылды. Байқоңырдан ғарышқа басталған сапар  ХХІ ғасырда жалғасын тауып, егемен еліміздің даңқын шар тарапқа ғана емес, ғарыш кеңістігіне де жеткізеріне сенеміз.

Құрметті, оқырман! Ғарыш әлемінің жұлдызды жолы жайлы, ғарыш ғылымының жетістіктері жайлы білгіңіз келсе, кітап көрмесімен танысыңыздар, оқыңыздар.