Кітапханамыздың оқу залында қала тұрғындары мен кітапхана оқырмандарына арналған 2020 жылдың 19 наурыз күні «Дәстүрлі мұра жаңғырығы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің мақсаты: Бүкіл түркі халықтарының ұлық тойы – Наурыз мерекесін ұлттық салт-дәстүрімізбен, әдет-ғұрпымызбен байланыстыра насихаттап, ұрпақтардың өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру.
Наурыз тойы Шығыс елінің бүкілхалықтық мейрамы, яғни, Ұлыстың ұлы күні. Наурыз бұған дейін мыңдаған жыл бұрын Шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтетін болған. Наурыз шығыс елдері үшін – бірліктің, татулықтың, еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі болып саналады.
Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алады. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан-белгілері мен таным-ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның бәрі әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелілікке, бауырмалдыққа, көрегенділікке, ізеттілік пен мейірім-шапағатқа баурайды. Наурызды әр халықтың асыға күтетіні де осыдан болса керек. Жыл өткен сайын Наурыз мейрамы елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде.
Осы ұлы күнге байланысты «Дәстүрлі мұра жаңғырығы» атты көрмеге қойылған «Наурызнама», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Ас атасы нан», «Қазақ халқының дәстүрлері той-мереке, сауық-сайран», «Ұлттық ойын тамашалары», «Қазақтың ұлттық тағамдары», «Қазақтың киіз үйі», «Жеті қазына», «Ағаш бесіктен, жер бесікке дейін» кітаптар наурыз тойының табиғатын, шығу төркінін, мазмұны мен мәнін, халықтың мәдени-рухани өміріндегі орнын баяндады. Мерзімді басылымдар бетіндегі мол мағлұматтар өз халқының мәдениеті мен этнографиясын танып білгісі келетін әркімге пайдасы мол болмақ.
Оқу залдары бөлімінің басшысы Исина А. Қ.