Абай - ұлтымыздың бас идеологы. Ол адам болып қалыптасу үшін жас ұрпақтың зердесіне қандай асыл қасиеттерді сіңіру, қай бағытта тәрбиелеу, болашақта қай бағытпен жүру керектігін айтып кеткен ғұлама адам. Абай – рухани көсеміміз. Оның ілімі, алға қойған биік мақсаттарымызға қол жеткізуге жетелейді.
Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Хакімнің мерейтойына орай оқу залдары бөлімінде «Абай мұрасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кітап көрмесінің мақсаты – ақынның ұлтымызды жаңғыртуға, кемелденуге үндеген ойлы өлеңдері мен тағлым аларлық қара сөздерімен, өмірбаянымен ұлттық құндылық ретінде таныстыру, ілімі мен білімінен тереңірек сусындау.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың кемеңгер - ойшыл, ғұлама - ағартушы жөнінде «Егемен Қазақстан» газетінде 2020 жылы9 қаңтардажарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталатын көлемді де өзекті мақаласы көрме төрінен орын алды. Біз Абайды қанша танып, білдік десек те, терең ойлы ғұламаның еңбектері заманды жаңаша зерделеуге жетелейді.
Туған халқын оқу – білімге, ғылымды үйренуге, өнерді, кәсіпкерлікті игеруге, озық елдердің тілін білуге шақырған, үндеген «Абай шығармаларының екі томдық жинағы», үш тілде жарық көрген «Қарасөздері», «Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ», «Қалың елім, қазағым», «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ», «Жүрегімнің түбіне терең бойла...» атты шығармалар жинақтары көкірегінде ізгіліктің ұшқыны бар адам үшін маңызы ұшан – теңіз. Абай тағлымдары барша қазаққа, алдымен білімге құштар жастарға үлгі. Жазушы М.О. Әуезовтің «Абай жолы» роман эпопеясының тұшына оқыған оқырманға берері көп. Сондай – ақ «Абайтану» ғылымы бойынша таңдамалы еңбектерінің бірнеше томдарына тарихи және танымдық маңызы зор шығармалары енген. Ж. Ысмағұловтың «Абай: Даналық дәрістері» атты еңбегінде ұлы ойшылдың бүкіл шығармашылық мұрасы тұтастай алынып, түгел қарастырылса, Ғ. Есімнің «Хакім Абай» деп аталатын еңбегі ілімді ізденіс пен зерделі зерттеулер нәтижесінде дүниеге келген.
Сонымен қатар мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген ақын жайлы мақалалар көрме мазмұнын толықтыра түскен. «Егемен Қазақстан» газетінде 2020 жылғы 24 қаңтарда жарық көрген Х. Есаманның «Ұлы хакім ұлағаты ұрпаққа үлгі», «Түркістан» газетінде 2020 жылғы 16 қаңтарда Д. Мыңбайдың «Абай – парасат өлшемі» атты мақалалары дәстүр сабақтастығы жайлы ой толғайды. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде 2020 жылғы 30 қаңтардағы С. Ақсұңқарұлының «Менің Абайым» атты мақаласы оқырман қауымға ой салары анық
Құрметті оқырман, Абайдың өмір жолына тәуелсіздік тұрғысынан қарағыңыз келсе, кітап көрмесімен танысыңыз! «Асыл сөзді» іздеп, оқудан жалықпайық!
Оқу залдары бөлімі кітапханашы К. Айтбаева