2019 жылдың 29-30 қараша күндері ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына орай "Әбіш әлемі" Оқу Конгресі өтеді.

Аталмыш шараның мақсаты – мәдени  қоғамдағы шығармашылық өзгерістерді жұртшылық назарына ұқсыну, Ә.Кекілбайұлының әдебиеті мен шығармашылығын, қазақ әдебиетінің құндылықтарын халықаралық ғылыми-білім беру жүйесінде насихаттау және көпшілікке тарату. Әр түрлі тақырыпта жазылған кемеңгер жазушының шығармаларын жаңа оқуға ынталандыру, жан-жақты талдап, оның сан қырлы талантын түсіндіру, жазушының есімін әлемдік қауымдастыққа танымал ету.

20-дан астам номинация бойынша жарияланған "Әбіш әлемі" шығармашылық байқауы мен 2019 жыл көлемінде жүзеге асырылған, қазақтың біртуар тұлғасы Әбіш Кекілбайұлының "Аңыздың ақыры" романы таңдалынып алынған  "Бір ел – бір кітап" республикалық акциясының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталады.

Оқу Конгресіне Қарағанды облысының облыстық, қалалық және аудандық кітапханаларының мамандары қатыспақшы.

Қазақтың заңғар жазушысы әлеміне арналған Оқу Конгресінде шығармалары талданып, прозалары желісінде түсірілген кинофильмдер көрсетіліп, қатысушылар назарына фотогалерия ұсынылмақ.

Әріптестеріміз аталмыш шарада жақсы тәжірибе алмасып, ой қоржындарын өз қызметтерін дамытатын тың идеялармен толықтырады деп сенеміз.

Алмасова Сайран, облыс кітапханаларын дамыту бөлімі