Мемлекеттік рәміздер - Ту, Елтаңба, Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай–ақ, рәміздер - халқымыздың мұқалмас қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман - тілегін жеткізетін құнды белгілер.
1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Ел тарихындағы ерекше күн – жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Ол - мемлекеттің мызғымас негіздері болуымен қатар, рухымызды көтерер отаншылдықтың, елімізге деген ерекше сүйіспеншіліктің ,болашақтың жарқын бейнесіне айналды.
Сондықтан елімізде Рәміздер күнін атап өту атаулы шараға айналды. Осы айтулы мереке қарсаңында оқу залдары бөлімінде "Еліміздің рәміздері - тәуелсіздік кепілі" атты кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылды. Көрмеде басты назардағы Қазақстан Республикасының Конституциясы. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздерінің қалыптасу тарихы" атты кітапта еліміздің ресми нышандарын жасаудағы Қазақстан Республикасы тұңғыш президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың рөлі жайлы ашып айтылады. Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының "Мемлекеттік рәміздерді насихаттаудың әдістері мен түрлері" тақырыбындағы семинар материалдары рәміздердің қолданылуы мен пайдалану тәртібінің қатаң сақталуын қамтамасыз ететін еңбек. Мемлекеттік Елтаңба авторы Ж. Мәлібекұлы "Қазақстан Елтаңбасы" еңбегінде осынау тарихи рәміздің стандарттық үлгісінің жасалу негіздерін, мәні мен мақсатын елдік құндылықтар аясында баяндайды.
ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы жан–жақты ғылыми – көркем пайымдау арқылы замандастарымыздың бойында мемлекеттік мұраттарға адалдық, отаншылдық сезімдерін оятатын еңбек Е. Шаймерденовтің "Елтаным" және "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері" деп аталады.
Қазақтың алғашқы рәмізтанушысының қайта қаралып, толықтырылған жаңа кітабы – "Елтану әліппесі". Көпшілік жылы қабылдаған бұл кітап Е. Шаймерденовтің рәміздер бойынша алғашқы зерттеулерінің жалғасы. Автор жаңа тарихтың тартысты да талқылы кезеңін тартымды аша білген. Қай нышанның қайдан туындап, қалай өрбігенін тарихқа сілтеме жасай отырып түсіндіреді. Елдік рәміздерімізді баршаға бірдей ұғынықты, бірдей қымбат етуге өлшеусіз зор қызмет етеді.
Қазақ жырының айтулы жүйрігі Н. Айтовтың "Ту" кітабы бүгінгі тәуелсіздіктің мерейін толғайды.
27 жылдық тарихы бар рәміздердің маңызын айқындап, мерейін үстем етуде баспасөз беттеріндегі мақалалардың да рөлі зор. Көрмедегі "Егемен Қазақстан" газетінің 2018 жылғы №102 санында жарық көрген "Мемлекеттіліктің басты белгісі", 2018 жылғы "Орталық Қазақстан" газетінің №60 санындағы "Отаны жоқтың рәмізі жоқ" атты мақалалаы көпшілік назарында.
Мемлекеттік рәміздер - ел дамуының ажырамас бөлігі. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Рәміздер - ел болашағы жастардың өз Отанын, өз жерін, елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатыны анық.
Оқу залдары бөлімі, кітапханашы Айтбаева К.