Тарихтан тағылым жасау, өткенге тағзым істеу, өскелең ұрпақтың борышы және парызы. ХХ ғасырдағы саяси қуғын – сүргін мыңдаған, миллиондаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі екендігі анық. Биыл қазақ жерінде бұрын – соңды болмаған, көкірегі ояу, көзі ашық ұлт азаматтарының екі қолын артына қайырып, аяғына кісен салып, ұлт қаймағын қалқып алған ұлы сұрапыл, жаппай жазалауға сексен екі жыл толып отыр. Төл тарихымыздың қасіретті жылдарынан ой қорытатын сәт. Міне, осымен жиырма екінші рет Қазақстанда Саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алу күні аталып өтілуде.
Осыған орай кітапханамыздың оқу залдары бөлімінде «Қайғылы жылдар тарихы» атты кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылды. Көрмеде оқырманға ұсынылған Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Елмен сырласу» атты еңбегінде жарияланған саяси қуғын – сүргін құрбандарына арнап салынған мемориалдық кешеннің ашылу салтанатында сөйлеген сөзі басты назарда. ХХ ғасырдың аса көрнекті ойшылы Ә.Н. Бөкейхановтың етжақын туысы Сырым Бөкейхановтың «Өткен күнде белгі бар» атты мемуарлар жинағы тұлға жайлы біз білмейтін деректерді көптеп келтірген. А.Сатаевтың «Алаштың асылдары», Д. Махаттың «Қазақ зиялыларының қасіреті» атты кітаптары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана шынайы бағасын ала бастаған, Қазақстанның 20 – 30 жылдардағы қоғамдық саяси өмірінде орын алған ахуалдың себебін ашуға, оны талдауға, саяси баға беруге арналған. Д.Қамзабекұлының «Алаш - темірқазық» атты еңбегімен қатар Ж.Әлмашұлының «Сұлтанбек Қожанов», Ж. Қыдыралинаның «Алихан Ермеков», А.Кәкеннің «Сәкен Сейфуллин» атты еңбектерінде ірі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қоғамдық қызметі жайлы кеңінен сөз болады. Заң ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент - мүшесі Н.Дулатбековтің қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Алаш ардақтылары» атты кітабы мен «Болашақ» университеті жанындағы «Карлаг: тарихқа тағзым» ғылыми зерттеу орталығында жарық көрген «Карлаг тұтқынында болған діни қызметшілер», Б.Ысқақовтың «Бұл менің көз жасым ғой, қан аралас» деген еңбектері нақтылы мұрағат материалдарына негізделген жазбалар. Осы орталықта жарық көрген «Карлаг: Қапастағылар қаламынан...» деп аталатын кітапты Кеңестер Одағы кезінде Карлаг лагерінде саяси қуғын – сүргін құрбандарына айналған өнер адамдары – суретшілердің шығармашылық жұмыстары құрайды. Тарих ғылымының докторы Д.А. Шаймұхановтың жазықсыз жапа шеккен жандар жайлы шығармасы «Карлаг», – деп аталады.
Сонымен қатар көрмеде баспасөз материалдарына да орын берілген 24 мамыр 2018 жылы «Қазақстан - ZAMAN» газетінде «Сол жылдарды ұмытпа, бауырым» айдарымен жарық көрген мақалалар топтасымен және «Индустриальная Караганда» газетінде 2018 жылғы 4 қаңтардағы санында жарық көрген «Пророческие слова» атты мақаламен таныса аласыздар.
Тәуелсіздік жылдары - қазақстандықтардың осы зұлмат жылдардан үлкен сабақ алғандығын көрсетті. Біз жазықсыз сотталғандардың, өз халқына деген сүйіспеншілігі үшін зардап шеккендердің, туған жерінен қудаланғандардың рухына бас иеміз.
Құрметті, оқырман! Зұлмат жылдар тарихы көңіліңізді алаңдатып, тарих көшіне тағы бір назар салғыңыз келсе кітап көрмесімен танысыңыз.
Оқу залдары, кітапханашы Айтбаева К.